Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматыдағы аурухана қызметкерлері жаппай тәртіпсіздіктің кезінде қалай жұмыс істеген

2022 жылдың 16 қаңтар 2022 17:24

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жаппай тәртіпсіздік кезінде Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының ұжымы қалай жұмыс істеді? Ол туралы аурухана қызметкерлеріFacebook желісінде бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аурухананың қабылдау бөлімшесіне қысқа мерзімде көптеген жарақат алған адамдар түсті. Ол туралы аурухананың қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Бауыржан Омаров айтты.

«Түрлі жарақатпен түскен науқастарды кім екеніне, қай салада істейтініне қарамай, пациент ретінде қабылдай бердік. Себебі, дәрігер қандай жағдай болмасын және кез келген сәтте науқасқа көмек көрсетуі тиіс.

Аурухана басшылығы медициналық көмек бригадасын күшейту туралы алдын ала шешім қабылдаған. Құрамында травматолог, хирург, нейрохирург, анестезиолог-реаниматолог және басқа да мамандар бар 5-6 бригада дайын болды. Осымен және түскен науқастарды жедел сұрыптау жүйесінің арқасында қызметкерлердің жұмысында ретсіздік пен үрейге жол берілмеді.

Осы жолы науқастар көбіне оқ жарақатымен түсті, одан басқа да түрлі жарақаттар болды - граната сынықтарымен жарақатталғандар, газбен уланған адамдар, кесілген немесе жарылған жарақатпен түскендер.

Ауруханадағы 9 ота жасайтын бөлме үздіксіз жұмыс істеді»,- деді Бауыржан Омаров.

1-санатты хирург, жауапты дәрігер Мұрат Ахметовтің айтуынша, қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні басшылық дәрігерлерді қабылдау бөліміне көмекші қол ретінде жинай бастаған.

«Солардың ішінде мен де болдым. Сол уақыттан бастап ауруханамыздың босағадағы күзет қызметкерлері, дәрігерлер, медбикелер, тазалықшы, шаруа бөлімі дамыл тапқан жоқ. Демалыстағы дәрігерлер де келді. Қабылдау бөлімі бейне бір соғыс алаңына айналғандай болды. Дәрігердің анты бойынша бізге бейбіт шеруші, қарақшы, тәртіп сақшылары, әскерилер, барлығы - бірдей. Барлығын бірдей жіті бақылауға алып, ота жасадық.




Негізгі лек оқ жарақатынан туындаған, бас ми, кеуде және іш, қол-аяқтың ауыр жарақаттары болды. Жансақтау ұжымы үшін де бұл аса қиын сәт болды.

Баса айтпағым, аурухана ұжымы, мейлі гинеколог болсын, невропатолог, терапевт, жалпы хирургия профилінен тыс мамандар бізге сын сағаты соққанда зор демеу болды.

Мен әріптестерімді мақтан тұтам!

Елімізде тыныштық орнап, баршамыз аман болып, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын дегім келеді»,-деген тілегін жеткізді Марат Ахметов.

Қабылдау бөлімшесінің аға медбикесі Гүлзира Мұхамеджанқызының айтуынша, 5 қаңтар күні таңертең далада отшашу атқандай дыбыстар мен адамдардың шулағандығы естіліп жатқан.

«Жұмысқа келсем, әріптестерімнің түрі шаршаған екен. Барлық мән-жайды күнделікті өтетін 5 минуттық жиналыс барысында түсіндім. Түнгі 1-2-лерден бастап ауруханаға оқ жарақаттарымен науқастар түскен екен... Содан сағат 9-10-дардан бастап, кезек-кезек оқ жарақатын алған 5-10 науқасқа дейін түсе бастады. Әр жерінен - аяғынан, санынан, кеуде жарақаттары, бас жарақаттарымен түскендер көп болды... 6-сы күні де осындай жағдай орын алды.




Кейін бүлікшілер ауруханаға қарай келе жатыр деген хабар келгенде, қорқыныш сезімі пайда болды. «Алла жар болсын», «Құдай сақтай гөр» деп білген сүрелерімізді айтып, жұмысымызды жалғастыра бердік. Қабылдау бөлімінің жарығын өшіріп, есігін жаптық. Түнгі 2-3-терде тыныштала бастады. Содан таңғы 4-тен бастап науқастарды қайтадан қабылдай бастадық.. 7 қаңтар күні 4 жасар қыз түскенде, сол күні жұмыста болған барлық қызметкерлердің жүрегі ауырды... Сол күні бәріміз жылап алдық», - деді Гүлзира Мұхамеджанқызы.

Оталық медбике Айтолқын Бексұлтанованың айтуынша, түстен кейін науқастарды бірінен соң бірін алып келе бастаған.

«Содан бастап таңға дейін үзіліссіз қабылдадық. Кішкене тынышталды деген кез – 6-сы күні таңғы алтыларда болды. Өткен жағдайды сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Мұндайды өмірімде бірінші рет көрдім.. Ауыр күндер болды. Теледидардан бұрынғы соғыс туралы фильмдерді көруші едік, енді өз көзімізбен де көрдік. Әлі күнге дейін көзіме жас келеді...

Мұндай жағдай елімізде енді қайталанбаса екен деп тілеймін»,- деді оталық медбике.





Жоғары қарай