Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматыға бандиттер келгенде тұрғындар балконнан қошемет көрсеткен – Мемлекет басшысы

2022 жылдың 29 қаңтар 2022 21:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарына берген сұхбатында қаңтар оқиғалары кезіндегі зиялы қауымның рөлі жөнінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сұхбат жүргізушісі Президентке митингіге шығуға шақырған танымал адамдар мен зиялылар туралы сұрақ қойды.

«Расында да, әсіресе осындай тарихтағы күрделі сәттерде зиялы қауымның рөлі ерекше. Біз бастан кешкен қайғылы оқиғаларға келсек, әрине түсінемін, зиялылар мен танымал адамдардың өздері шок жағдайында болған тәрізді. Өйткені декорациялар жылдам өзгеріп отырды, бейбіт шерушілерден кейін алдымен бұзақылар, содан кейін кәсіби бандиттер келді. Міне, декорацияның осылай өзгергенін кейбірі байқамады, ал кейбір БАҚ-тар әдейі аласапыран жасап, бейбіт шерушілерге репрессиялық әрекеттер қолданылғандай көрсеткісі келген шығар. Шын мәнінде біз – трагедияны бастан өткергендер бәрі басқаша болғанын білеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз сөзінде Президент Қазақстанға шабуыл ұйымдастырушылардың осы сценарийді, яғни, декорацияның жылдам ауысуын арнайы қарастыруы да мүмкін екенін айтты.

«Мысалы Алматыға бандиттер кіріп келгенде, ештеңеден хабары жоқ тұрғындар балкондарынан оларға қошемет көрсеткен. Осындай да сәттер болған. Міне жарайсыңдар, көшеге шығып, билікке наразылық танытып жатырсыңдар деген. Бұл тұрғындар кейін не болатынын, бұл бандиттер бүкіл Алматыны тас-талқан ететінін білмеді», - деді Қ. Тоқаев.


Жоғары қарай