Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматылық дәрігерлер коронавирус індетін жұқтырған 81 жастағы қарияға операция жасады

2020 жылдың 26 мамыр 2020 21:55

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Орталық қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері «Кіші ұршықтың жылжуы және үзілген сол жақ жамбас сүйегінің жабық сырғымалы ұршықтық сынуы» диагнозы қойылған 1939 жылы туған К. есімді ер адамға операция жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, пациент Орталық қалалық клиникалық ауруханаға №7 қалалық клиникалық ауруханасынан ауыстырылған, онда оны тексеріп қарау кезінде коронавирус инфекциясы анықталған. Сондай-ақ, мидың қан айналымы бұзылуынан пациентте оң жақты гемипарезі пайда болған. Сол аяғымен тіреп жүріп жүрген қарияның ауруы асқынып кеткен, сондықтан ота жасауға тура келді.

«Бұдан басқа, науқаста жүректің ишемиялық ауруы, артериалдық гипертензия сияқты қосымша аурулары да болды. Дәрігерлер оны бір апта операцияға дайындап, бүгін коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупімен байланысты эпидемиологиялық шектеулер жағдайында барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, «жабық репозиция, сол жақ жамбас сүйегінің Гамма өзегі остеосинтезі» операциясын жасады. Біздің дәрігерлер обаға қарсы костюмде, маска мен көзілдірік тағып, тыныс алу қиын жағдайларда, операция жасады»,– дейді бас дәрігердің міндетін атқарушы Гүлнар Құлқаева.

Операция бір сағаттан астам уақытқа созылды.

«Әрбір операция, тіпті қарапайым жағдайда да – бұл кәсіпқой команданың үйлесімді жұмысы. Біздің алғашқы операциямыз ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Қанат Тәңірбергенұлы Тәуекеловтың басшылығымен өтті. Алматы қаласы бойынша коронавирус инфекциямен ауыратын науқастарға осындай операциялар тек біздің клиникамызда ғана жасалатынын айта кеткен жөн» – деді Гүлнар Құлқаева.

Айта кетейік, Орталық қалалық клиникалық аурухана 3 мамырдан бастап жұқпалы аурулар стационары режимінде жұмыс істеп жатыр.


Жоғары қарай