Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматылық спортшылар жаппай вакцина алып жатыр

2021 жылдың 16 маусым 2021 11:16

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда кәсіби спортшылар жаппай вакцина алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы» хоккей клубының шабуылшысы Артем Бурделевтың айтуынша, олимпиада ойындарының қарсаңында коронавирусқа қарсы вакцина өте маңызды. Өйткені, команданың бір мүшесі инфекция жұқтырса, онда бүкіл ұжымның жұмысына қауіп төнуі мүмкін.

«Саналы ғұмырымды спортқа арнаған жанмын. Жарыстардан қалмадым. Меніңше, спорт әлемінде мұндай шектеулер болған емес. Біздің команда індетке дейін күн сайын жаттығатын, ал коронавирустың кесірінен барлық жаттығу процессі тоқтады. Енді вакцинаның арқасында алаңға қайта оралып, еркін жаттыға аламыз. Өкініштісі, адамдар әлі де екпе салдыруға салғырт қарауда, бетперде кимей, әлеуметтік қашықтықты сақтамауда. Мен қала тұрғындарын вирусқа қарсы күресте бірігуге, вакцина алуға шақырамын»,-дейді Артем Бурделев.

Сонымен қатар, ол жақында вакцина алғанын айтты.

«Жақында мен де вакцина салдырдым. Бұл қажетті шара деп санаймын. Иммунитетті арттыру, оны вируспен күресуге дайын ету маңызды. Өз жанкүйерлеріме де айтарым, біз сіздердің қолдауларыңызға зәруміз. Біз үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру маңызды. Сондықтан алыпқашты әңгімелер мен тараған жалған ақпаратқа сенбеңіздер. Біздің жеңісімізді көру үшін вакцина алып, хоккейге келіңіздер»,- дейді ол.

Бокстан әйелдер арасында еңбек сіңірген спорт шебері, екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайда коронавирусқа қарсы екпе салдырды.

«Өткен жылы басталған індет менің олимпиадаға қатысуыма, екінші лицензияны алуыма кедергі келтірді. Бұл менің арманым еді. Сондай-ақ спорт залдары жабылып, менің үйде жаттығуыма тура келді. Биыл жағдай өзгерді. Қалада жаппай иммундау басталғаннан кейін коронавирусқа қарсы екпе алдым. Біздің спортшыларымыз да вакцинаға қарсы емес. Ешқандай мәжбүрлеу болған жоқ, барлығы денсаулықты сақтауға, жаттығу процесін қалпына келтіруге, залда жанкүйерлерді көруге мүмкіндік беретін қажеттілік екенін түсінді. Инфекцияға тұрақты иммунитеті жоқ адамдар вакцина алуы қажет. Өз басым алғашқы боксшылардың бірі болып вакцина алдым. Өйткені бұл COVID-19-қарсы күрес»,- дейді Назым Қызайбай

Өз кезегінде, семсерлесуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тамара Почекутова коронавирус індеті оның отбасын айналып өтпегенін тілге тиек етті.

«Коронавирус біздің отбасымызды айналып өтпеді,отбасы мүшелері түгел ауырды. Мүмкін мен вирустың тасымалдаушысы болған шығармын, бірақ ауруды асимптоматикалық жолмен бастан өткердім. Бұл індетті атам қиындықпен еңсерді. Ол ұзақ уақыт ауруханада емделді. Ол 85 жаста дәрігерлердің қамқорлығы мен иммунитетінің арқасында жазылып шықты. Вакцина пайда болғаннан кейін атам екпе алды. Мен әлі вакцина алған жоқпын, бірақ екпені қолдаймын. Бүгінде қай вакцинаны алған дұрыс екенін таңдаудамын. Бұл өте қауіпті ауру, сондықтан мен өзімді, туыстарымды қорғағым келеді. Мен олардың сау болғанын қалаймын»,- дейді спорт шебері.


Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Вакцина, Алматы, Спорт,
Жоғары қарай