Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматының индустриалды аймағында 9 жоба жүзеге асырылады

2021 жылдың 26 мамыр 2021 20:00

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының индустриалды аймағында 100 млрд теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік беретін 14 инвестициялық жоба жүзеге асты. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» теларнасының тікелей эфирінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жыл соңына дейін 40,5 млрд теңгенің 9 жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Ірі жобалардың бірі – Hyundai жеңіл көліктерін шығаратын зауыт.

«Almaty Business бағдарламасы аясында Индустриалды аймақпен қатар 10 шағын өндірістік парк құрылды. Инвестициялардың жалпы сомасы – 5,3 млрд теңге, оның ішінде 2020 жылы 3 өндірістік парк іске қосылды, жыл соңына дейін 5 өндірістік паркті ашу жоспарланған. Мұнда 1,1 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өндірістік парктерде тамақ, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және өнеркәсіптік құрылыс салаларының 29 кәсіпорыны жұмыс жасап тұр»,- дейді әкім.

Жоғары технологиялы компаниялар үшін «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы бар.

Инфрақұрылым салынды, қатысушыларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады.

Қазақстанда алғашқы фармацевтикалық кластерді құру үшін 4 компания тартылды, ал инвестиция көлемі - 33 млрд теңге.

Сондай-ақ, құрал-жабдықтар жасайтын салада құны 10,3 млрд теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылады.

«Жобаларды іске асыруда Алматының іскерлік кеңесі ауқымды жұмыстар жүргізді, өйткені оның құрамында бизнестің адамдары бар. Кеңес жанынан 9 салалық комитет құрылған, бұларда бизнесті қолдаудың өзекті мәселелері талқыланады. Іскерлік кеңестің қатысуымен қала экономикасын қалпына келтіру және дамыту бойынша дағдарысқа қарсы шаралар әзірленген болатын»,- деді Бақытжан Сағынтаев.


Жоғары қарай