Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Америкалықтар асырап алған қазақ баласы Өскемендегі ағасын тапты

2020 жылдың 20 мамыр 2020 22:37

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – АҚШ азаматтары асырап алған қазақ баласы әлеуметтік желілер арқылы Өскемен қаласындағы туған-туыстарына іздеу салған болатын. Аты-жөнін қазақ тілінде жазып, бала кезіндегі фотосуреттерді жариялаған Теодор Уолтонның туған ағасы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2001 жылы Қазақстанда дүниеге келген Теодорды 1 жасқа толғанда америкалықтар асырып алған. Дегенмен, өгей ата-анасы оның ұлты кім екенін, туған жері қайда екенін еш жасырмаған. Бүгінде оның жасы 20-ға жеткен. Жуырда Теодар Facebook-парақшасында өзінің Марат Тоқтарұлы Оразғалиев екенін жазып, бала күнінде ағасымен және апайымен түскен фотосуреттерді жариялады.

Араға 2 күн салып оның туған ағасы табылып отыр. ШҚО Білім басқармасының Қорғаншылық, қамқоршылық және интернат ұйымдары бөлімінің мамандары іздестіру жұмыстарын жүргізіп, ағайындыларды бір-бірімен байланыстырды.

Анықталғандай, Теодордың ағасы Күршім ауданында тұрады. 22 жастағы Рүстем Оразғалиев бауыры табылғанына әуел баста сене алмаған.

«АҚШ жігіті қазақстандық бауырын іздеп жатыр» деген жазбадағы фотода тұрған менмін, жанымдағы немере әпкем. Туған інім бар екенін, оны америкалықтар асырап алғанын 7-8 сыныптарда естіп білдім. Бірақ маған АҚШ-тан бауырымды табу бос қиял болып көрінгені рас. Сөйтсем, өмірде бәрі болады екен ғой», - дейді Рүстем.

Ағасы мен бауыры ғаламтор арқылы сөйлесуде. Бір-біріне қояр сұрақтары көп. Енді карантин аяқталған соң Теодор туған жеріне құстай ұшып жетпек.


Жоғары қарай