Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Аңсаған сәби»: Жыл басынан бері 526 отбасыға көмек көрсетілді

2021 жылдың 12 мамыр 2021 17:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл аяғына дейін 7000 отбасы «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Аңсаған сәби» бағдарламасының қалай іске асып жатқанын баяндады.

«2018 жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында 902 ЭКО циклі жасалды. 2019 жылы да дәл осындай мөлшер қамтылды. Президенттің тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыру басталды. Бұл жоба репродуктивтік технологиялардың көмегімен отбасылық және демографиялық проблемаларды шешуге бағытталған. Нәтижесінде биыл ЭКО процедурасын өткізу квотасының саны 2020 жылмен салыстырғанда 7 есе өсті. Жыл аяғында 6,2 млрд теңгеге 7000 процедура өткізу жоспарланған. Ал 2020 жылы 960 млн теңгеге 1105 қызмет көрсетілген болатын», - дейді қор басшысы.

Оның айтуынша, жыл басынан бері экстракорпоралды ұрықтандырудың 526 процедурасы жасалған.

«2020 жылдың бірінші тоқсанымен салыстыратын болсақ, былтыр осы кезеңде тек 59 ЭКО рәсімін өткізген едік. Жыл соңына дейін медициналық ұйымдар жоспарды толық орындайды. Тиісінше демографиялық көрсеткіштер артады деп болжап отырмыз», - деп атап өтті Болат Төкежанов.


Жоғары қарай