Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Анталияда Абай саябағы ашылды

2020 жылдың 23 қыркүйек 2020 19:32

АНТАЛИЯ. ҚазАқпарат - 23 қыркүйекте Түркияның Анталия қаласында Абай атындағы саябақ ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елшілікке сілтеме жасап.

Абайдың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу шеңберінде Қазақстан Түркиядағы Елшілігі, Анталиядағы Консулдығы, Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығының бастамасымен Анталия қаласында орналасқан саябаққа Абай Құнанбайұлы есімі берілген болатын.


Саябақта Абайдың мәрмермен қапталған еcкерткіш тақтасы орнатылып, ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Анталия қаласы Мұратпаша ауданының мэрі Үміт Уйсал, Дүниежүзі қазақтар ассоциациясы бірінші орынбасарының кеңесшісі Қарлығаш Қожамұратова, Қожа Ахмет Яссауи университеті Өкілетті кеңесінің Төраға кеңесшісі, профессор Фырат Пурташ, Республикалық Халық партиясының Анталиядағы төрағасы Нусрет Баяр және орынбасары Рафет Зейбек, Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығы мүшелері, жергілікті қонақтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы жиын барысында шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, Абай шығармашылығынан белгілі өлендері оқылып, ән-күйі шырқалып, кітаптары сыйға тартылды.

Елші Абзал Сапарбекұлы өзінің беташар сөзінде, Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған бұл саябақтың ашылуына қолдау көрсеткен бауырлас Түркия еліне өз алғысын білдіре отырып, осындай халықаралық деңгейде атқарылған шаралар екі ел арасындағы байланыстың одан әрі жақындай түсуіне өз септігін тигізетініне сенім білдірді. «Түркі әлемінің ұлы перзенті Абай, қазақ халқының темірқазығы», – деген А.Сапарбекұлы, Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзін еске салды.

Ұлы ақын мұрасының бауырлас елде ерекше дәріптеліп жатқанына ризашылығын білдірген А.Сапарбекұлы, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылы жарық көрген мақаласындағы «Қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.», – деген сөздеріне назар аудара отырып, Абай жолымен жүрген жастардың, халқымыздың және жалпы адамзаттың өркендеуі жолында өлшеусіз үлес қосатындығына тоқталды.

Сонымен қатар ашылу салтанатында сөз сөйлеген Анталия, Мұратпаша ауданының мэрі Үміт Уйсал, саябаққа Абай есімін беру қазақ және түрік халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсеткен маңызды іс-шара екенін атап өтті. «Абай есімі түрік әлемін бірлікте ұстайтын ұлы есімдердің бірі» екенін айта отырып, екі ел арасындағы бірлік бен ынтымақтастыққа өзіндік үлес қосатынын жеткізді.





Жоғары қарай