Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әнуарбек Байжанбаев атындағы халықаралық дикторлар байқауының жеңімпазы анықталды

2021 жылдың 28 қыркүйек 2021 15:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпан айынан бері жалғасқан қазақ радиосының жүз жылдығына орай ұйымдастырылған «Әнуарбек Байжанбаев атындағы халықаралық дикторлар» байқауы бүгін мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

28 қыркүйекте қорытындыланған байқауға 150-ден астам өтініш (аудиожазба) келіп түсті. Соның 80-ге жуығы эфирге берілген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау прозалық шығарма, поэзия, ақпараттық мәтін оқу номинациялары бойынша өтті.

Аталған бәйгеде диктор Серік Әбілұлы бас жүлдені жеңіп алды. Аталмыш шарада жүлдеге тек бір ғана орын белгіленген.

Бұл туралы Қазақ радиосының «Қайырлы таң» хабарында «Көркем сөз шебері» хабарының жүргізушісі Қымбат Досжан жариялаған болатын.

«Бүгін Қазақ радиосының «Қайырлы таң» хабарында тікелей эфирде жеңімпаздың аудио жазбасын беріп, оқушының атын атадым. Содан кейін Серік Әбілмен телефон арқылы сөйлестім. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 30 қыркүйек күні ашылатын Қазақ радиосының аудиториясында жеңімпазды шақырып, марапаттаймыз»,-дейді белгілі тележурналист Қымбат Досжан.

Әділқазы комиссиясының негізгі мүшелері - Аманжан Серіков, Сауық Жақанова, Күләш Молдахметова, Мұхамедәлі Болатұлы және Қымбат Досжан.

Айта кетейік, Серік Әбілұлы - Қытайдағы қазақ радиосында ұзақ жылдар қызмет етіп, сол елдегі қандастардың мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұлғаның бірі.

Ол қазақтың таңдаулы 50 әнін қытай тіліне аудартып, ұлтымыздың кең тараған 500 күйі мен 200 халық әнін таспаға түсірген.

Оннан астам кітаптың, 100-ге жуық ән мәтіні мен көптеген әннің авторы, радио эфирінде 30-ға тарта роман оқыған танымал диктор, ақын, әнші, сазгер.


Автор Бейсен Сұлтан
Басты сөздер: Қандастар, Қоғам, БАҚ,
Жоғары қарай