Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Апта ішіндегі кадрлық тағайындаулар

2020 жылдың 31 мамыр 2020 13:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада Қазақстанда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат оқырман назарына 25-31 мамыр аралығында болған тағайындауларды ұсынады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы болып Болат Бауыржанұлы Мажағұлов тағайындалды.

Болат Мажағұлов 1983 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақ ұлттық музыка академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1999 жылы Астана қаласы мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрінің бірінші санатты әртісі болып бастаған. 2002 жылдан 2007 жыл аралығында Мемлекеттік филармонияда, «Ұлан» ұлттық гвардиясында, Астана қаласы «Наз» мемлекеттік халық театры» МКҚК еңбек етті. 2007-2008 жылдары Астана қалалық мәдениет басқармасының құрылымында жұмыс істеді. 2009 жылдан 2010 жыл аралығында Бейбітшілік және келісім сарайының директоры болды. 2010 жылдан 2015 жыл аралығында Астана қалалық мәдениет басқармасын басқарды. 2015-2018 жылдары — Астана қалалық әдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы. 2018-2019 жылдары Астана қалалық мәдениет және спорт басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. 2019 жылдың 29 шілдесінен бастап қазірге дейін Нұр-Сұлтан қаласы ҚР Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып еңбек етті.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің директоры болып Ғанижан Асанұлы тағайындалды.

Қаржы полициясы академиясының, «Болашақ» бағдарламасының (King’s College London, Ұлыбритания) түлегі Президентік жастар кадр резервінің мүшесі болған. Ғанижан Асанұлы жаңа қызметке тағайындалғанға дейін аталған департамент директорының орынбасары, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің Түркістан облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары лауазымдарын атқарған.

Мұрат Өмірәлиев БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Мұрат Амангелдіұлы 1981 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. А.Пушкин атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін, М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университетін «жоғары кәсіби білімді тарих пәнінің мұғалімі», «жоғары кәсіби білімді заңгер» мамандықтары бойынша бітірген. Әр жылдары Шыңғырлау ауданы ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы, Орал қаласы әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маманы, осы бөлімнің меңгерушісі, қала әкімі аппарат басшысының орынбасары, БҚО әділет департаменті басшысының орынбасары болды. 2019 жылдың ақпан айынан бастап БҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұл қызметке Мира Қазбекова келді.

М.Қазбекова 1984 жылы дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі», Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетін «заңгер» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы Мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығы Қызылорда облыстық баспасөз клубының маманы ретінде бастаған. 2005-2008 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы-баспасөз хатшысы, Қызылорда облыстық ішкі саясат департаментінің бас маманы жауапты қызметтерін атқарған. 2008-2017 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің бас инспекторы-баспасөз хатшысы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы, Қызылорда облысының мұрағаттар мен құжаттама басқармасы басшысының орынбасары болды. Ал 2017-2019 жылдары Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы басшылық лауазымын атқарған. 2019 жылдан осы кезге дейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде мемлекеттік сатып алу басқармасы құрылып, оны Жанар Мұсақұлова басқаратын болады.

Жанар Мұсақұлова 52 жаста. Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Шал ақын ауданында қаржы және экономика жүйесінде еңбек етті. Кейін Шал ақын, М.Жұмабаев аудандарында әкімнің экономика мәселелері және бюджет бойынша орынбасары қызметін атқарды. Осы тағайындауға дейін СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып он жыл жұмыс істеді. Қаржы, бухгалтерлік есеп, талдау, жоспарлау және әкімшілік-құқықтық бөлімдердің жұмысын үйлестірді.

Маңғыстау облысы қаржы басқармасының басшысы қызметіне Қуаныш Берішбаев тағайындалды.

​​Қуаныш Берішбаев 2006 жылы Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін инженер мамандығы бойынша тамамдаған. ​ ​Еңбек жолын «СМК-4» ЖШС құрылыс жөніндегі шебері қызметінен бастап, «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ жер қойнауы департаментінің менеджері, табиғи ресурстарды дамыту департаментінің менеджері, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақтау қалалық аумақтық инспекциясының жетекші маманы болған. Маңғыстау облысы әкімі аппаратының ұйымдық-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, Маңғыстау ауданы әкімі аппаратының басшысы, Ақтау қаласы әкімі аппаратының басшысы, Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Бұған дейін ол Маңғыстау облысы әкімінің жеке және заңды тұлғалардың өтініштері жөніндегі кеңесшісі болып қызмет етті.

Ақмола облысы әкімінің 2020 жылғы 25 мамырдағы өкімімен Уәлихан Мұташұлы Ғабдуллин Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Уәлихан Мұташұлы 1972 жылы туған. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, бiлiмi-жоғары. «Фемида» Қарағанды заң академиясын, Көкшетау экономика және менеджмент институтын бітірген. 2000-2003 жылдары Ақмола облысының iшкi iстер органдарында қызмет еттi. 2003-2013 жылдары коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді, «Нұр банк» АҚ филиалының орынбасары, кейін директоры, «БТА Банкі» АҚ филиалының директоры қызметтерін атқарды. 2013-2014 жылдары аппарат басшысының Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң iс басқарушысы орынбасары болды. 2014-2016 жылдары Ақмола облысы Кәсiпкерлер палатасының директоры. Осы тағайындауға дейін Бурабай ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Алматы облысы əкімінің өкімімен Нұрлан Орынбасарұлы Құматаев Қапшағай қаласының əкімі болып тағайындалды.

Нұрлан Құматаев 1970 жылы туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын стоматолог дəрігер, Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер, Шет тілдер жəне іскерлік карьерасы университетін экономика бакалавры мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Алматы қаласындағы №4 стоматологиялық емханасының стоматолог дəрігері болып бастаған. Əр жылдарда Іле ауданы Жетіген ауылдық округі əкімінің орынбасары, Іле ауданы əкімі аппараты Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы, Іле ауданы Байсерке ауылдық округі əкімінің орынбасары, Іле ауданы əкімі аппараты Шағын жəне орта бизнес, Жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің бастығы болды. 2016 жылдың ақпанынан осы уақытқа дейін Іле ауданы əкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Алматы облысы әкімінің өкімімен Талғат Қанатұлы Қайнарбеков Сарқан ауданының әкімі болып тағайындалды.

Талғат Қайнарбеков 1969 жылы туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тарих және қосымша мемлекеттік құқық пәнінің оқытушысы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін экономист, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Сарқан ауданы Көкөзек орта мектебінде мұғалім болып бастады. Әр жылдарда Сарқан ауданы Қарғалы орта мектебінде тарих және мемлекеттік құқық пәнінің мұғалімі, Алматы қаласында «Эльдорадо» ЖШС менеджері, Талдықорған қаласы әкімі аппараты өнеркәсіп, көлік және байланыс бөлімінің бастығы, Көксу ауданы әкімінің орынбасары, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Текелі қаласының әкімі болды. 2016 жылдың қарашасынан 2020 жылдың мамыр айының 25-і күніне дейін Қапшағай қаласының әкімі қызметін атқарды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен Талғат Бегімұлы Қалиев «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС директоры болып тағайындалды.

Талғат Қалиев 1973 жылы СҚО, Ақжар ауданы, Бостандық ауылында дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1997 жылы «Бостандық» мекемесінде қауіпсіздік техникасы бойынша инженер болып бастаған. «Новое поколение» ЖШС-нде газеттің меншікті тілшісі, тілшілер бөлімінің бастығы, бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. 2004-2006 жылдары «Қазақстан» РТРК« АҚ - «Астана» телерадиоорталығы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясын, «Казтрансойл« АҚ баспасөз қызметін басқарды. 2006-2007 жылдары «Новое поколение« ЖШС бас редакторының орынбасары болып қызмет атқарды. 2007-2008 жылдары ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары болды. 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшілігінде кеңесші, 2008-2009 жылдары «Нұр Отан« ХДП төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2009-2017 жылдары «Еуразиялық перспективалық проблемаларды зерттеу орталығы« ЖШС-ін басқарды. 2017-2019 жылдары «Жастар« ҒЗИ» ЖШС-нің директоры болды. 2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесін басқарды. 27 мамырдан бастап - «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС директоры болып тағайындалды.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Қоғам, Тағайындау,
Жоғары қарай