Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Апта сайын ақтөбелік «Жедел жәрдемнің» 50 қызметкері демалыс орталығында тынығып қайтады

2020 жылдың 5 тамыз 2020 16:05

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігінің бастамасымен «Жедел жәрдем» қызметкерлеріне апта сайын қауіпті де адал еңбегіне орай құрмет көрсетіліп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аудан аумағында орналасқан демалыс орталықтары барлық карантин ережелеріне сай санитарлық нормалардың талаптарын сақтай отырып, күндіз-түні үй көрмей, науқастарға қызмет ететін дәрігерлерге есіктерін ашты. «Жедел жәрдемнің» қызметкерлері кезекшіліктен босаған күндері 50 адамнан 6 сағатқа демалып қайтады.

Өткен аптада «Көк жайлау» сауықтыру-демалыс орталығы 50 адамды қабылдаса, бұл жолы «Green Land» демалыс базасы 50 қызметкерді қарсы алды. Осылайша, екі айдың ішінде 500 медицина маманы қамтылмақ.

Дәрігерлерді демалыс орнына жеткізу үшін «Автопарк» мекемесі екі автобуспен бөлген.

«Бір тәулікке дейін кезекшілікке шығатын дәрігерлердің еңбегін бағалау керек. Бүгінгі күннің қаһармандары медицина қызметкерлері екені сөзсіз. Оның ішіне дәрігерлерден бөлек, фельдшерлер де, жедел жәрдем жүргізушілері де, диспетчерлер де кіреді. Күні-түні олар өз жандарын аямай, өзгелердің өмірін сақтап қалуға еңбек етіп келеді. Осындай құрметке бұл топ өкілдері әбден лайық», - деді Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев.

Айта кетелік, демалыс базасында дәрігерлерге таза ауада шипалы сусын – саумал мен қымыз ұсынылды. Карантин режиміне байланысты санитарлық талаптар қатаң сақталды. Сондай-ақ, Төтенше жағдай уақытында ерен еңбегімен көзге түскен ақ халатты абзал жандарға аудан әкімі облыс және қала басшылығының атынан алғыс хаттар табыстады.


Жоғары қарай