Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Әр сынып Zoom қосымшасы арқылы жеке-жеке соңғы қоңырау шарасын өткізді – Назым Абағанова

2020 жылдың 25 мамыр 2020 15:26

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы мектептерінде онлайн соңғы қоңырау сыңғырлады. Естен кетпейтін ерекше шара туралы Яасауи атындағы №123 мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары, Bek Air ұшақ апатында аман қалған Назым Абағанова Мамырбекқызы ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, карантин аясында 2 айлық онлайн білім беру форматы елдегі білім саласы үшін үлкен сынақ болды.

«Онлайн білім беру болашақтың еншісіндегі дүние болғанмен, бүгін ертең келері анық еді. Алайда аяқ астынан осы форматқа көшу біздер үшін үлкен тәжірибе болғаны рас. Екінші жағынан жаңа жүйенің кемшіліктері, олқы тұстарын пайымдадық. Онлайн оқытудың қандай тиімді тұстары барын, әлде де қай жағынан дамыту керектігін түсіндік. Бұл үлкен жұмыс, ауқымды шара – мұғалімдердің еңбегін айқын көрсетті. Оған көптеген ата-аналарымыздың хаттары, хабарламалары куә бола алады. Мектеп қабырғасында жүргендей болмаса да, барынша білім нәрімен сусындатуға тырыстық. Бұл жерде баланың обьективті білім алғаны тек мұғалімге байланысты емес, ата-ананың да мүддесі болып табылады. Көптеген ата-аналар балаларының білімінің қай жағынан басымдық беруін түсіндідеп ойлаймын», - деді Назым Абағанова.

Педагог мектептердегі соңғы қоңыраудың маңыздылығын да атап өтті. 38 жыл бойы білім саласында қызмет етіп келе жатқан Назым Абағанова оқушыларына бетпе-бет жылы лебіз білдіре алмағанына көңілі босайтынын айтты.

«Соңғы қоңырауда барлығымыздың көңіліміз босағаны анық. Әр сынып Zoom қосымшасы арқылы жеке-жеке соңғы қоңырау шарасын өткізді. Біздің мектепте 2500-ден аса оқушы білім алып жатыр. Ал мектепті 98 бала бітіріп, қанатын қағып үлкен өмірге жолдама алып жатыр. Олардың аттестат алу салтанаты маусымның 3-4 күндеріне жоспарланған. Эпидемиологиялық талаптарға сәйкес 50 баладан аса жиналуға болмайтындықтан, біз аттестат тапсыру шарасын 2 күнге бөлдік. ҚР БҒМ бұйрығына сәйкес, үлкен аудитория, мерекелік сауық кештері болмайды», - деді Назым Абағанова.

Айта кету керек, Назым Мамырбекқызы - былтыр желтоқсанда болған ұшақ апатында аман қалған жолаушылардың бірі.

Педагог Жыл мұғалімі сыйлығының жеңімпазы атанып, министрліктен марапат алуға ұшып бара жатқанда Bek Air ұшағында апатқа ұшыраған еді.

Кейін ол қалай аман қалғаны жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне айтып берген болатын.


Автор Гүлмира Ғосманәли
Басты сөздер: Алматы, Білім,
Жоғары қарай