Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 385.16
EUR 425.95
RUB 6.01
CNY 54.51

Аралда құлаған үйдің тұрғындарына 2016 жылдан бері ескерту жасалып келген

2018 жылдың 18 наурыз 2018 15:30

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Аралдағы екіқабатты үйді бөліп тұрған өткелдің құлауына байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметінде Арал қаласының әкімі Бауыржан Махатовтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

2016 жылы жасалған сараптаманың қорытындысы бойынша ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу қажет болған.

Сараптама қорытындысы негізінде Арал аудандық әкімдігі тарапынан құрылған комиссия тұрғындарға аталған үйді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша (бүгінгі таңда «Өңірлерді дамыту -2020» бағдарламасы) күрделі жөндеуден өткізу туралы бірнеше рет ұсынған. Алайда, тұрғындар келісім бермеген.

«Біз түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Тұрғындардың 70% келісімін берсе, бағдарлама бойынша ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілетінін ескерттік. Осы бағдарлама аясында Арал қаласында орналасқан 47 екіқабатты үйдің 22-сіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бірақ, бұл үйдің тұрғындары мұндай жұмысты жүргізуге келіспеді. Біз нысанның қауіпті екенін бірнеше мәрте ескерттік», - деді Бауыржан Махатов.

Сонымен қатар, қазіргі кезде осы ғимаратта тұрған әр отбасының жағдайы жан-жақты зерттеліп, әлеуметтік карталары әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

«Балабақша ретінде салынған ғимарат «Арал қанаты-2020» КҚК балансында тұр. 90-жылдары тұрғындар мұнда заңсыз орналасқан. Осыған орай, әлеуметтік карта әзірленуде. Мәселен, мұндағы 7 пәтер жалға беріліп келген. Қазіргі кезде әр отбасының әлеуметтік жағдайы анықталуда. Осы карта мен комиссияның қорытындысы бойынша тиісті шаралар атқарылады», - деді Бауыржан Махатов.

Бүгінде эвакуацияланған отбасылар аудандық жастар ресурстық орталығына және туған-туысқандарының үйіне орналастырылды.

Естеріңізге сала кетсек, 17 наурыз күні Арал қаласында екіқабатты үйді бөліп тұрған бөлік опырылып түскен. Ғимарат 1986 жылы балабақша ретінде салынып, 90-жылдары баспанасы жоқ тұрғындар үйді иемденіп, қоныстанып алған.

Екіқабатты ғимарат 20 пәтерден тұрады, оның 15-де ғана тұрғындар қоныстанып келген.

Бүгінгі таңда, аудан әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды, тексеру жүргізіледі.

Жоғары қарай