Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

Аралда полицей кәріз құдығындағы суға батқан сәбиді құтқарды

2019 жылдың 17 шілде 2019 17:01 389

АРАЛ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында тұратын полиция қызметкері Дәуренбек Жанайбеков кәріз құдығына құлаған бір жарым жастағы сәбиді құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сол күні Дәуренбек жұмысынан келіп үйде түс әлетінде демалып жатқан. Осы бір сәтте ол сырттағы айқай-шуды естіді. Жалма-жан сыртқа шығып, оқиғаның жәй-жапсарына қанығып үлгерді.

Көрші үйдің ес біліп қалған баласы Дамир кәріз құдығы жақты нұсқады. Дәуренбек оның беті ашық тұрғанын көрді. Оның ішінде екі метрдей төменде сәби лас суға түсіп кеткен екен.

«Лас суға түсіп кеткен сәби біраз есін жоғалтып алған секілді. Әлсіз қолдарын ербеңдетіп қояды. Оны бірден ұстап алуға мүмкіндік болған жоқ. Құдық ішіндегі тымырсық ауа да еркін қимыл жасауға мүмкіндік берер емес. Әйтеуір бүлдіршінді лас судан шығарып сыртта тұрған адамдарға беріп үлгердім», - деді Дәуренбек.

Кәріз құдығы ішіндегі ауа оны әлсіретіп жіберді. Өзінің одан шығуға мүмкіндігі болған жоқ. Сол жерде есінен танып құлап қалды. Оны сырттағы жігіттер құдықтан шығарып алды. Одан кейін Дәуренбек ауруханада жансақтау бөлімінде ем алды. Құдықтағы судан құтқарылған балаға да дәрігерлер медициналық көмек көрсетті.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қылмыспен күрес, Оқиға,
Жоғары қарай