Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Архимед Мұхамбетов 1,5 млрд теңгенің жатақхана құрылысын сынға алды

2019 жылдың 30 қыркүйек 2019 20:06

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімдігінде өткен селекторлық жиында студенттік жатақханалардың құрылыс мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысында Автомобиль жолдары, Политехникалық және Медициналық колледждер студенттері үшін жатақханалар салу жоспарлануда. Облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк атап өткендей, жатақхананың құрылысы ауылдық жерлердегі жастарды тұрғылықты баспанамен қамтамасыз етуге және 1250 студенттің өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта екі жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Автомобиль жолдары колледжі жанынан 500 орындық жатақхана құрылысы басталады. Оның сметалық құны 1,6 млрд теңгеге бағаланды. Сондай-ақ Политехникалық колледж жанынан 500 орындық жатақхана құрылысына смета бойынша 1,5 млрд теңге жұмсалады. Ал Медициналық колледж жатақханасы құрылысының жобалық құжаттамасы желтоқсан айында бекітіледі», - деді С.Карплюк.

Аталмыш оқу орындарының жатақханаларын салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді.

Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов жобалардың қымбаттығын сынға алды. Оның айтуынша, қаржыны барынша үнемдеу қажет. Сондықтан құрылыс жұмыстарын өз қадағалауына алмақ.

«500 орындық колледж жатақханасына 1,5 млрд теңге ақша жұмсау қымбатқа түседі. Менің орынбасарларым қомақты қаржы жұмсауға жол берген. Олар жобалық құжаттаманы бастапқыда бақылауға алуы тиіс еді. Енді бұл жобаларды жеке бақылауыма аламын. Бұған дейін де айтқан болатынмын, жатақхана құрылысына 1 млрд теңгеден артық ақша жұмсамауға міндеттіміз. Студенттер үшін тұратын бөлме, асхана, жуынатын жер, дәретхана болса жеткілікті. Оңтайландыру жұмыстарын жүргізген дұрыс», - деді өңір әкімі.

Жоғары қарай