Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Армения Қазақстанның мұнай өнімдерін импорттау туралы келісім жобасын мақұлдады

2020 жылдың 2 шілде 2020 22:27

ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – Армения үкіметі Қазақстанның мұнай өнімдерін импорттау туралы келісім жобасын мақұлдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Бейсенбі күні Армения министрлер кабинеті «Қазақстанның мұнай өнімдерін Арменияға жеткізу саласында Армения мен Қазақстан үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы» келісім жобасын мақұлдады.

Арменияның аумақтық басқару және инфрақұрылым министрі Сурен Папикян бұл келісім тараптардың мұнай өнімдерін жеткізу саласында өзара қызығушылық танытуына байланысты жасалғанын атап өтті.

«Осы келісім екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, іскерлік белсенділікті арттыруға ықпал етпек», - деп мәлімдеді министр Папикян отырыс барысында.

Өз кезегінде, вице-премьер Тигран Авинян Қазақстанның мұнай өнімдерін жеткізу - Арменияның отын нарығына оң ықпал ететінін атап өтті.

«Бұл өте маңызды келісім екенін атап өткен жөн. Келіссөздер бір жарым жыл бойы жүргізілді. Бұл келісімге қол қойылғаннан кейін Армения Қазақстан отынын тиімді жағдайда жеткізуді ұйымдастырып, соның арқасында Армения нарығында бәсекелестік тудырады», - деді вице-премьер Авинян.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Арменияда мұнай өнімдері нарығында монополиялық құбылыстардың азайғаны байқалса да, олар әлі де толық жойылмағанын атап өтті.

«Біз адамдардың сапалы және барынша қолжетімді өнімдерді алуы үшін кез келген монополияның, соның ішінде жасанды монополияның қалыптасуына жол бермеуіміз керек», - деп мәлімдеді премьер-министр.

Авторы: Азамат Әлмағанбетов


Жоғары қарай