Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

Артық жұмыс істейтін ақмолалық мемқызметшілерге құқықтары түсіндірілді

2020 жылдың 13 наурыз 2020 02:51

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында артық жұмысқа жегілетін мемлекеттік қызметшілердің құқықтары түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қайыржан Сұлтанғазиевтің айтуынша, департамент тарапынан КЕБЖ (кіргізуді есепке алуды бақылау) жүйесінің мәліметтерін зерттеу, профилактикалық мониторинг жүргізу арқылы мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс жасау оқиғаларының алдын алу бойынша жоспарлы шаралар жүргізілуде.

«Профилактикалық шаралардың қорытындыларына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс жасауының дербес оқиғалары анықталды. Мысалы, ағымдағы жылдың ақпанындағы КЕБЖ мәліметтеріне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің сағат 18:30-дан әрі қарай жұмыс орындарында қалу уақыты шамамен 70 сағатты құрап отыр. Барлық материалдар үстеме жұмыстың себептерін анықтап, тиісті шаралар қабылдау үшін еңбек инспекциясына жіберілді» - дейді Қ.Сұлтанғазиев.

Ведомствоның баспасөз қызметінен атап өткендей, талдау нәтижелеріне сәйкес мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін жұмыс орнында қалу, сонымен қатар демалыс және мерекелік күндері жұмысқа шығу оқиғалары тіркелген. Олардың қатарында қызметкерлер арасында жүктеменің біркелкі бөлінбеуі, жұмыс уақытының тиімсіз пайдаланылуы, басшылар мен жоғары тұрған мемлекеттік органдардың қысқа мерзім ішінде орындауды талап ететін «шұғыл» тапсырмалары бар.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте үстеме жұмысқа, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу, сондай-ақ түнгі уақыттағы еңбекке ақы төлеу жөніндегі еңбек заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін айыппұл түрінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылғанын атап өткен жөн. Бұл ретте, егер жұмыстан тыс уақытта, демалыста немесе мерекелік күндері жұмысқа шығу қажеттілігі туындаса, онда заңнаманың талаптарына сәйкес жұмысшының жазбаша келісімі алынып, сәйкестендірілген бұйрық шығарылуы тиіс. Мұндай жағдайларға эпидемиологиялық, төтенше, табиғи, техногенді жағдайлар, табиғи апаттар және уәкілетті органдардың шұғыл әрекет етуін талап ететін басқа жағдайлар жатады.

«Заңнама талаптарына сәйкес кейінге қалдыруға келмейтін, алдын ала болжамдау мүмкін емес жұмыстарды атқару үшін мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес үстеме жұмысқа, не болмаса демалыс және мерекелік күндері жұмысқа тартыла алады. Бұл жағдайда оларға демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе жұмыс мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес өтеледі», - деп толықтырды Қайыржан Сұлтанғазиев.


Жоғары қарай