Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Арыстағы вагон өрті: ТЖД оқиғаның мән-жайы туралы ақпарат таратты

2021 жылдың 6 тамыз 2021 21:46

АРЫС. ҚазАқпарат – «Арыс» станциясындағы вагон өртінен зардап шеккендер туралы қоңырау түскен жоқ. Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті осындай мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін сағат 16.25-те Түркістан облысы Арыс теміржол станциясының диспетчерінен «Асса станциясы - Жамбыл облысы - Түркістан облысының Арыс станциясы» бағытындағы жүк пойызының вагонынан түтін шығып жатқаны туралы хабар келіп түсті.

Түтін 64 вагон тіркелген пойыздың №54 вагонынан шыққан. Ондағы жүк «Қазфасфат» ЖШС-ның ресейлік кәсіпорынға жөнелткен сары фосфор екені анықталды. Жүк 20 тонналық контейнерге тиелген. Оның нақты көлемі есептеліп жатыр», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.

Оқиға орнында жедел штаб құрылып, жергілікті әкімдік шағын аудан тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылдаған болатын.

«Арыс қаласының Наурыз шағынауданында (халық саны 4 мыңға жуық) және Хлопком кентінде (халық саны 6 мыңға жуық) 4 эвакуациялық пункт ұйымдастырылды.

4 мектеп ғимаратында 8 мың орын әзірленді. Эвакуацияланғандардың саны нақтылануда, көбі туыстарының үйін паналап жатыр.

Сағат 20.30-дағы жағдай бойынша, жедел штабтың шұғыл желісіне ақпараттық сипаттағы 2 қоңырау келіп түсті. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ», - делінген ресми ақпаратта.

Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, сағат 19.22-де өрт оқшауланып, беті қайтқан. Төтенше жағдайды жоюға департаменттің 35 қызметкері мен 6 техникасы, «ҚТЖ»-ның 11 қызметкері, 1 техникасы және өрт пойызы, 60 полиция қызметкері мен 9 техника, 8 әскери қызметші мен 2 әскери техника, эпидемиологиялық бақылау басқармасының 3 қызметкері мен бір санитарлық техникасы тартылған.

«Арыс» теміржол станциясындағы өрт туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов оқиға орнына жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын эвакуациялау басталғанын мәлім еткен еді.








Жоғары қарай