Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 376.43
EUR 407.11
RUB 5.76
CNY 53.55

Арыстағы жаппай төбелесте бір жасөспірім пышақ жарақатын алды

2020 жылдың 16 қаңтар 2020 10:47

АРЫС. ҚазАқпарат - Түркістан облысы полицейлері жасөспірімдер арасындағы төбелес бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

15 қаңтарда Арыс АПБ кезекші бөліміне кәмелет жасына толмаған жасөспірім жарақат алып, ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының анықтауынша, кеше түнгі уақытта Арыс қаласының көшелерінің бірінде жасөспірімдер арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан. Салдарынан олардың бірі өз құрдасын пышақпен жарақаттаған.

«Жедел-іздестіру барысында полицейлер күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК 24-99-бабы «Адам өлтіруге оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері оқиғаның толық мән-жайын анықтауда» делінген хабарламада.

Сол күні Арыс ауданында әкімдік, полиция, білім беру өкілдері, мектеп директорларының және басқа да мүдделі ұйымдардың қатысуымен осы жайтқа байланысты шұғыл кеңес өтті. Кеңеске қатысушылар кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірлескен жедел іс-шараларды жиі ұйымдастыру, сондай-ақ жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруіне жол бермеу және ата-аналардың өз балаларын тәрбиелеудегі маңызды рөлі туралы талқылады.

Айта кетейік, балалардың түнгі іуақытта заңды өкілінсіз көше кезуі бойынша ҚР заңнамасында әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға балаларына мұқият болып, оларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.


Басты сөздер: Заң, Оқиға, Түркістан облысы,
Жоғары қарай