Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 381.10
EUR 420.81
RUB 5.65
CNY 54.57

Арыстық дәрігерлердің еңбекақы мәселесі қалай шешіледі

2019 жылдың 5 шілде 2019 16:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арыстағы аурухана іске қосылғанға дейін медицина қызметкерлері жұмыссыз отырмайды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елжан Біртанов брифинг барысында арыстық дәрігерлердің еңбекақы мәселесі қалай шешілетінін айтты.

«Емхананың жұмысы жанданатынын айттым. Қазір жылжымалы жасақтар жұмыс істеп жатыр. Жаңа нысандар бой көтергенше ондағы ақ желеңді мамандар жұмыссыз қалмайды. Әр дәрігердің жағдайы жеке қаралатын болады. Бір бөлігі көршілес елді мекендерге жіберілсе, тағы бір бөлігі еңбек демалысын алады. Ең бастысы, бір де бір дәрігер еңбекақысыз қалмайды. Тиісті жалақысы толық төленіп отырады. Бұл мәселе Арыс қаласына барған үкіметтік делегацияның алдына да қойылған болатын», - деді ол.

Сондай-ақ, министр жарылыс кезінде уланғандар да болғанын жеткізді.

«Апат салдарынан 410 адамның медициналық көмекке жүгінгенін айттық. Қазір оның көбі жазылып, үйіне қайтты. Жарақаттардың сипатына келер болсақ, ауруханаға түскендердің көбі ми жарақатын алған. Жансақтау бөліміндегі екі науқас та күрделі ми жарақатымен күресіп жатыр. Бұдан бөлек, түтінге уланып, денсаулығы нашарлағандар да болды. Өрт кезінде отқа күйгендер де бар», - деді министр.

Айта кетсек, мұның алдында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыста жаңа емхана мен аурухана салынатынын айтқан болатын. Сондай-ақ, Арыстағы жарылыстан зардап шеккен екі адам әлі жансақтау бөлімінде жатыр.

Жоғары қарай