Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Асанас қалашығында кешенді археологиялық қазба жұмыстары басталды

2020 жылдың 21 тамыз 2020 03:38

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысындағы Асанас қалашығында кешенді археологиялық қазба жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазба жұмыстары Алтын Орданың 750 жылдығы аясында жүзеге асырылып отыр. Оны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды.

Қазбаны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізіп жатыр. Жергілікті археологтар күшімен аршылған маңызды нысандар ұзақ мерзімге сақтауға алынады. Одан табылған жәдігерлер облыс музейлерінің қорына өткізіледі.

«Асанас қалашығы - Алтын Орда дәуірінің эталонды ескерткішінің бірі. Сондықтан археологиялық зерттеу бұдан кейінгі жылдары да жалғасады. Оған қоса қорғау аймағына сәйкес қалашықтың аумағын қоршау жоспарланып отыр. Көне қала «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енгізілген. Жоба бойынша өңірлік қасиетті нысандар тізбесінде жинақталған. Асанас - жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш. Ол Қызылорда қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 48 шақырым жерде жатыр. Көне қала Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан», - деп мәлім етті ғылыми-зерттеу орталығы мамандары.




Асанас қалашығы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Ол кезінде ірі экономикалық, сауда-саттық, аумақтық маңызы бар шаһарлар қатарында саналды.

«Жазба деректер бойынша Асанас моңғол шапқыншылығынан бастап белгілі болып отыр. Сол тұста табанды қарсылық көрсеткен.Сондықтан көне шаһар жермен-жексен қиратылып, халқының көпшілігі қырғынға ұшыраған. Асанас дария бойындағы өзге қалалар сияқты көп ұзамай қайта қалпына келтіріліп, ХІV-ХV ғасырларға дейін өмір сүрген. Алғаш 1899 жылы В.А.Каллаур зерттеген. Кейінірек Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы 1960-1961, 1968 жылдары көптеген құнды деректерді жинақтады», - деді жергілікті ғалымдар.





Еске сала кетсек, көне Жанкент қалашығының орнында ежелгі үйдің бірі қалпына келтірілді.


Жоғары қарай