Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Асхат Аймағамбетов: Диссертацияға қажет жарияланымдарға қойылатын талаптар өзгерді

2020 жылдың 17 мамыр 2020 12:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Диссертацияны қорғау кезіндегі жарияланымдарға қойылатын талаптар қайта қарастырылды. Бұл туралы бүгін өзінің Facebook парақшасында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Білім және ғылым министрлігінің тиісті бұйрығы ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Бұған дейін докторант қорғау кезеңіне дейін жету үшін 7 мақала жариялауы тиіс болатын. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін докторанттар сапасы күмән тудыратын журналдарда жарияланымдар жасауға мәжбүр болды. Біздің ғалымдардың мақалалары халықаралық базалардан алынып тасталған, түкке тұрмайтын журналдарда жарияланған кездер де болды.

Осыған байланысты біз бұл тәжірибені өзгерту жөнінде шешім қабылдадық»,-деді Білім және ғылым министрі.

Оның сөзінше, енді сапасы төмен журналдарда 7 мақаланың орнына, жоғары квартильге кіретін басылымдарда мақалалар жарияланса жеткілікті.
Ал бірінші квартиль құрамына кіретін журналдарда бір ғылыми мақала шыққан болса, өзге жарияланымдар талап етілмейді.

Бұл шара сапасыз жарияланымдардың санын азайтып, жүктемені жеңілдетеді және ғалымдарды дәйексөздері таралу бойынша жоғары деңгейдегі оригиналды ғылыми мақалалар жазуға ынталандырады.


Жоғары қарай