Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Асхат Аймағамбетов мектептердегі эпиджағдай туралы айтты

2021 жылдың 15 қазан 2021 14:59

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мектептерде дәстүрлі оқу қалай жүріп жатыр және орта білім ошақтарындағы эпидемиологиялық жағдай қалай? Бұл сұрақтарға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы оқу жылы дәстүрлі түрде басталды. Оған 1,5 ай уақыт өтті. Көріп отырғандарыңыздай, елімізде індеттің таралуы бәсеңсіп келеді. Балалардың коронавирусқа шалдығуын шілде-тамыз айларымен салыстырсақ, қазір жағдай жақсарған, яғни вирустың тарауы айтарлықтай төмендеген. Еліміз бойынша балалар арасында коронавирустың таралуы 0,1 пайыздан аспай тұр», - деді А. Аймағамбетов елордада өтіп жатқан ұлттық мектеп спорт лигасы барысында.

Оның айтуынша, мектептерде санитарлық талаптар тиісті деңгейде сақталған.

«Кейбір сыныптар карантинге жіберіліп, қашықтан оқып жатыр. Ал кейбір сыныптар керісінше мектепке қайта оралып жатыр. Жалпы көрсеткіш 0,1 пайыздан аспайды. Яғни жағдай тұрақты. Ең бастысы – мектепте санитарлық талаптар қатаң сақталуда және карантин ережелерін ұстана отырып, білім беру өз деңгейінде жалғаса береді», - дейді ол.

Бұған дейін министр дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне үстемеақы төлетіні туралы айтты.

Сондай-ақ, ведомство басшысы мектептерде бірнеше спорт залдан болатынын мәлім етті.



Жоғары қарай