Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

АШМ құс тұмауынан шығын көрген шаруаларға қанша теңгеден беруі мүмкін

2020 жылдың 1 қазан 2020 17:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов құс тұмауынан шығын көрген шаруа иелеріне төленетін өтемақыға қатысты айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір құстың бағасы Статистика комитетінің ақпаратына байланысты болады. Бізде тамыз айында берілген мәлімет бар. Қыркүйек айының мәліметі қазан айының 2 немесе 3-кезеңінде белгілі болады. Жалпы құстың шығынына байланысты қанша ақша төленетіні туралы мәлімет әр айдың 10-15-і беріліп тұруы керек. Бірақ біз Статистика комитетімен келісіп, ертерек анықтап берейік деп отырмыз. Мал иелері құсының есебі туралы шаруашылық кітабын дайындап, шығын бойынша ақпаратты беру үшін құжаттарын дайындап отыр», - деді Тұрсын Қабдолданов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет басшысы тамыз айында шаруалардың шығыны (құс тұмауынан емес) тауық бойынша 800-1200 теңгеден өтеліп бергенін хабарлады. Қаз бен үйректің бағасы одан қымбатырақ төленеді.

«Мәліметтердің бәрін алғаннан кейін комиссия мүшелері өздері отырып, құстың басына және түріне қарай бағаны айқындайды», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Тұрсын Қабдолданов мемлекет қандай жағдайда құс тұмауынан қырылған құстар бойынша шаруа иесінің шығынын өтеп беретінін түсіндіріп берген болатын.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Ауыл шаруашылығы,
Жоғары қарай