Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

АШМ: Өңірлерге құс тұмауына қарсы 7,7 млн вакцина бөлінді

2020 жылдың 1 қазан 2020 15:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның құс тұмауы тараған өңірлеріне 7,7 млн доза вакцина бөлінді. Бұл туралы ОКҚ-дағы брифингіде ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша бекітілген ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес, осы жылдың ақпан айында вакцинация жүргізу үшін құс тұмауына қарсы 3,3 миллионнан астам вакцина бөлінді. Сонымен қатар қосымша қыркүйек айында құс тұмауын жұқтыру ошақтарын оқшаулау үшін республикалық резервтен 3,1 млн доза бөлінді. Ал осы аптаның соңында тағы 1,3 млн доза жеткізіледі. Осылайша, өңірлерге баратын вакцина дозаларының саны 7,7 миллионға жетеді. Вакцинация тегін жүргізіледі», - деді комитет басшысы.

Оның айтуынша бүгінгі күні мәжбүрлі вакцинация аясында Қазақстанның 8 облысының 60 ауданының 424 ауылдық округінде 1,7 млн құсқа вакцина салынған. Сонымен қатар, Тұрсын Қабдолданов құс өсірушілер одағымен және жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен келісілген стратегия бойынша республикалық бюджет есебінен тек аналық табынға, сондай-ақ құс фабрикаларының айналасындағы 20 шақырымдық аймақтағы жеке ауладағы құстарға және жабайы құстардың ұшу жолына профилактикалық вакцинация жүргізілетінін атап өтті.

«Қолданыстағы ветеринарлық заңнама аясында құс фабрикаларының өздері вакцинация жүргізеді. Бұл ретте бройлер бағытындағы құс фабрикалары бройлердің өмір сүру мерзімінің аз болуына (36-40 күн) байланысты вакцинация жүргізбейді. Олар бір тәулік балапандар мен инкубациялық жұмыртқаны құс фабрикаларынан алады. Онда аналық құс тұмауға қарсы вакцинацияланған. Жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары аналық тауықтарды вакцинациялайды», - деп қосты спикер.


Жоғары қарай