Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Ashyq» жобасы: Талапты сақтамаған маңғыстаулықтың «қызыл» статуста екені анықталды

2021 жылдың 21 мамыр 2021 22:34

АҚТАУ. ҚазАқпарат - «Ashyq» жобасы арқылы бақылау жүріп жатыр. Бұл ретте талапты сақтамаған маңғыстаулық тұрғыннан «қызыл» статус анықталды. Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аққу Айтжан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Ақтауда 13-18 мамыр аралығында сканерлеу кезінде 1 адамнан «қызыл» статус расталып, тағы бір тұрғында «сары» статус тіркелді.

«Бүгінде осы жаңашылдықты қолдану арқылы қабылданған санитарлық шараларға қосымша бақылау жасалуда. Ал «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы қалада санитарлық дәрігердің талаптарын елемейтін азаматтар анықтала бастады. Қонақтар мен қызметкерлердің вирусты жұқтыру қаупі төмендегендіктен, пилоттық жоба карантиндік шектеулер кезеңінде бизнестің қызметін жалғастыру алгоритмдерін оңтайландырады», - деді Аққу Айтжан.

Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасында бұл жобаға кәсіпкерлік субъектілері ғана емес, сонымен қатар білім беру және мәдени нысандар қосылғанын айтты. Бұл тізім алдағы уақытта әскери бөлімдермен толықтырылады деп күтілуде.

«Ashyq пилоттық жобасына тағы 15 кәсіпкерлік нысанды қосу жоспарланып отыр. Әскерилердің еріктілер қатарына қосылуы қуантады. Осы шаралар қалыпты режимге оралуға көмектеседі. Кәсіпкерлік нысандарда қауіпсіз орта қалыптасатын болады», - деді Жанна Тоқбаева.

Сондай-ақ, спикерлер «Ashyq» жобасына қатысатын кәсіпкерлер арасында қосымшаның қолданылуы төмен деңгейде екені туралы айтты.

«Жүктелген 283 кодтың 44-і белсенді емес. 44 кәсіпкер 2 апта ішінде 20 немесе одан аз келушілерді сканерлеген. Бұл тізім бақылау тобына жіберілді. Мониторингтің алғашқы нәтижесі бойынша 2 кәсіпкер 2 аптаға жобадан уақытша шығарылды», - деді Аққу Айтжан.

Маңғыстау облысында қосымша 283 нысанда қолданылады, тағы 70-і тесттік режимде жұмыс істейді.


Жоғары қарай