Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Асқар Мамин 2020 жылы ірі автожол жобаларын аяқтауды тапсырды

2020 жылдың 17 қаңтар 2020 14:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі А. Мамин 2020 жылы ірі автожол жобаларын іске асыруды аяқтауды тапсырды, деп жазады primeminister.kz.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында автожол саласын дамыту жөнінде кеңес өтті.

Автожол саласындағы құрылыс маусымына дайындық туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, битуммен қамтамасыз ету жағдайы жөнінде энергетика министрі Н. Ноғаев, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасын қамтамасыз ету шаралары бойынша, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға квота беру туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, табиғатты қорғау шараларының сақталуы туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, жергілікті жұмысшы кадрларды даярлау туралы Алматы облысының әкімі А. Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов, автожол жобаларының іске асырылу барысы туралы мердігерлік ұйымдар мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері баяндады.

2019 жылы республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожол салынды және реконструкцияланды. Жыл қорытындысы бойынша 641 шақырым жолда қозғалыс ашылды. 1,1 мың шақырым республикалық маңызы бар және 3,5 мың шақырым жергілікті желілердегі автожолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автожолдардың үлесі 88%-ға, жергілікті маңызы бар жолдар 71%-ға жеткізілді. Республикалық маңызы бар І және ІІ техникалық санаттағы жолдардың ұзындығы 34%-ға (8,2 мың шақырымға) дейін арттырылды.

Автожол саласының 2020 жылға арналған бюджеті 750 млрд теңгені құрайды, республикалық және жергілікті маңызы бар 9,8 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Құрылыс жұмыстарымен 4 мың шақырым автожол қамтылады.

Жыл қорытындысы бойынша жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырым автожол учаскелерінде қозғалысты ашу жоспарлануда, соның ішінде Талдықорған – Өскемен (763 км), Қарағанды – Балқаш – Қапшағай (645 км), Қалбатау – Майқапшағай (415 км), Меркі – Бурылбайтал (266 км), Ақтөбе – Атырау – Астрахань (279 км) және басқалар.

Республикалық және жергілікті желінің жол-құрылыс жұмыстарына барлығы 100 мыңға жуық адам жұмылдырылатын болады, «А» санатындағы жол бойындағы сервистің 18 көпфункционалды кешенін салу үшін инвестициялар тарту, 304 санитарлық-гигиеналық торапты салу және қызмет көрсету жоспарланған.

«Биыл автомобиль жолдарын салу бойынша ауқымды жұмыс көлемін атқару қажет. Алға қойылған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындау және жыл соңына дейін автомобиль жолдарын жаңғыртудың негізгі жобалары бойынша қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында құрылыс маусымына алдын-ала дайындалу керек», — деді Үкімет басшысы.


Жоғары қарай