Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 386.71
EUR 429.17
RUB 6.02
CNY 54.66

Асқар Мамин Францияның экономика министрімен инвестициялық ынтымақтастықты талқылады

2019 жылдың 30 шілде 2019 15:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Францияның экономика және қаржы министрі Бруно Ле Мэрмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Франция арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен келешегі талқыланды.

«Франция – Еуропалық одақтағы басты сауда-экономикалық серіктес», — деген Асқар Мамин, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев пен Франция Президенті Э. Макрон Брюссельде 2018 жылдың қазан айында өткен «АСЕМ» саммиті аясында белгілеген сауда-экономикалық күн тәртібін іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Франция Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялар көлемі бойынша алғашқы бес елдің қатарына кіреді. 2005 жылдан бастап 2018 жылға дейін Францияның Қазақстан экономикасына қаржы салымының көлемі 15 млрд доллардан асты. 2018 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 32,5% немесе 4,5 млрд долларға өсті.

Қазіргі таңда көліктік машина жасау, құрылыс материалдарын, дәрі-дәрмектер, азық-түлік өнімдерін шығару саласында бірлескен өндіріс сәтті жұмыс істеп тұр. Энергетика, ғарыш салаларында, жаңартылатын қуат көздері, инфрақұрылымды дамыту, Smart сity жобалары бойынша бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қазақстанда француз капиталының қатысуымен, жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыратын «Тоталь», «Орано», «Данон», «Викат», «Пежо», «Альстом» секілді 130-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Қазақстан Премьер-Министрі инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, көлік инфрақұрылымы, цифрлық технологиялар, адами капитал салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық бар екенін жеткізді.

«Бізде ауыл шаруашылығында үлкен әлеует бар. Француздық Danone, Lactalis және Soufllet компанияларымен бірлескен жобаларды табысты іске асырылған жобалар деп айтуға болады. Қазақстан – экологиялық таза өнімді өндіру және ЕАЭО мен ҚХР елдерінің сыйымды нарықтарына шығу тұрғысынан бизнес жүргізу үшін перспективалы орын», — деді Асқар Мамин.

Француз инвесторларына бірлескен өндіріс орындарын ашуда, импортты алмастыруда және агроөнеркәсіптік өнімдерді одан әрі экспорттауда жан-жақты көмек көрсетіледі.

«Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі», — деген Францияның экономика және қаржы министрі Б. Ле Мэр, француз тарапының ҚР Тұңғыш Президенті —Елбасы Н. Назарбаев ашқан және Франция Президенті Э. Макрон растаған стратегиялық ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.

Б. Ле Мэр Қазақстан мен Францияның сауда-экономикалық, инвестициялық, индустриялық салалардағы ынтымақтастық перспективаларын ескере отырып, ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне өтуі үшін барлық мүмкіндіктері бар деп есептейді.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Францияның экономика және қаржы министрі Брюно Ле Мэр «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Bpifrance» инвестициялық компаниясы арасындағы бірлескен инвестициялау туралы, ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «Тоталь» компаниясы арасындағы цифрлық технологиялар саласындағы меморандумдарға қол қою рәсіміне қатысты.

Жоғары қарай