Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Асқар Мамин мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша тапсырмалар берді

2019 жылдың 22 қазан 2019 10:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға қатысты тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі. Аса маңызды жобалар көлік және инфрақұрылым, энергетика және ТКШ, білім беру, денсаулық сақтау сияқты секторларда іске асырылып жатыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі енгізілгеннен бері 1,6 трлн теңгеге 615 шарт жасалды. Сонымен қатар, 1,9 трлн теңгені құрайтын 638 шарт пысықталуда. Жобалардың саны мен инвестиция сомасы бойынша серпін бар, дегенмен бұл әлеует тиісті деңгейде іске асырылмай отыр», - деді А. Мамин Үкімет отырысында.

Премьер-Министр көлік және энергетика, ТКШ саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыруды тапсырды.

«Осыған байланысты Ұлттық экономика мен Индустрия министрліктеріне МЖӘ-ні дамытудың озық халықаралық тәжірибесін ескерумен заңнамаға қажетті өзгерістерді пысықтауды жүктеймін. Денсаулық сақтау, білім беру салаларында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары белсенді түрде дамып жатқанын айтуға болады. Осы жұмысты жалғастыру қажет», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы мүдделі мемлекеттік органдарға Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, өздері жетекшілік ететін салаларда МЖӘ-ні дамыту бойынша Жол карталарын әзірлеуді тапсырды. Олардың орындалу барысы Үкіметтің Жобалық кеңсесінің отырыстарында тыңдалады.

«Жалпы, елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет пен жеке әріптестіктің тиімді өзара іс-қимылын жолға қою қажет», - деді Асқар Мамин.

Жоғары қарай