Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Асқар Мырзахметов жамбылдық жастармен кездесті

2019 жылдың 20 қыркүйек 2019 08:30

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жастармен кездесіп, емен-жарқын сұхбат құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараз мемлекеттік педогогикалық университетінде өткен кездесу «Бәсекеге қабілетті жастар – еліміздің іргетасы» тақырыбына негізделді. Еркін форматта өрбіген шараға аталмыш оқу ордасының студенттері қатысты.

Аймақ басшысына көкейдегі қызықты сауалдарын жолдаған жастар толымды жауаптар ала білді. Студенттер негізінен өңірдің өркендеуі, білім саласындағы өзгерістер, Жастар жылына қатысты атқарылар шаралардың барысы, волонтер жастар, ел болашағы туралы ойларын ортаға салды.








Асқар Мырзахметов өз сөзінде жастар тәрбиесі, қоғамдағы өзекті жайттарға қатысты тағылымды дүниелерге айрықша тоқталып, әр сауалдың жауабымен орайластырып облыстағы оң бастамалар мен игі істерді де тілге тиек етіп отырды. Жалынды жастарды тарихты танып, өткенді құрметтеуге, ата-баба дәстүрін ұлықтап, солардан дарыған тектілік қасиеттерді жаңғыртуға, еліміздің ертеңгі ұстынына айналу үшін білім дариясына барынша бойлауға шақырды. Сондай-ақ, қайырымдылық шаралары мен табиғат тазалығына атсалысудың маңыздылығын атап өтті.





Белсенді жастар облыс әкімінің өнегелі өткен өмірі туралы, бос уақытын неге арнайтындығын, қандай кітаптарды сүйіп оқитынын сұрап, жұмыс барысындағы ұстанымы хақында әңгімелеп беруін өтінді. Асқар Мырзахметов барлық сұрақтарға нақты әрі ашық жауап беріп, студенттерге білім жолында да, өмір жолында да сәттілік тіледі. Жүздесу соңында әкіммен естелік суретке түскен жастар әдемі әсерге бөленіп тарқасты.


Жоғары қарай