Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Асқар Шәкіров Дүниежүзілік банктің өкілімен кездесті

2021 жылдың 15 қараша 2021 19:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі жөніндегі вице-президенті Анна Бьердемен келіссөз жүргізіп, Қазақстанның осы халықаралық ұйыммен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төраға орынбасары Дүниежүзілік банкпен стратегиялық серіктестіктің маңызын атап өтті. Қазақстанда қазіргі уақытта банктің көмегімен әлеуметтік-экономикалық және экология салаларында жалпы сомасы 3,5 млрд доллар болатын 12 жоба іске асуда.

Анна Бьерде адам капиталын нығайту, мемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру, елдің институционалдық дамуына жәрдемдесуді банк қызметінің Қазақстандағы негізгі бағыттары ретінде белгілегенін айтты. Бұл тұрғыда нәтижеге бағдарланған бюджетті жетілдіруде Үкіметке техникалық жәрдемдесу дербес назар аударуды талап етеді.

Жүздесушілер Глазгодағы климаттық саммиттің қорытындыларын, Қазақстандағы булану нәтижесіндегі шығарындыларды 15%-ға азайту, көміртегінен бейтарап болуға 2060 жылға дейін қол жеткізу жөніндегі жоспарларын талқылады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде Орнықты даму жөніндегі Орталық Азия Аймақтық климаттық хабын құру бастамасына қолдау білдірілді.

«Су ресурстарын тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғаумен бірге Орнықты даму мәселелерінің мән-маңызы бірінші дәрежеге ие әрі баршаға ортақ. Арал теңізі апатының салдарымен күрес Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ проблемасы болып отыр және екі және көпжақты негізде шешілуі тиіс», - деді Сенат төрағасының орынбасары.

Банктің қолдауымен жүзеге асқан экологиялық жобалар су деңгейінің жоғарылауына, Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі балық аулауды қалпына келтіруге, сондай-ақ жалпы экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етті.

Дүниежүзілік банк өкілі Орнықты даму мақсаттарын іске асыруда Қазақстанға жәрдемдесуге және климаттың өзгеруіне қарсы күресте бастамаларды ілгерілетуге ықпал етуге дайын екендігін білдірді.


Жоғары қарай