Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әскерилер үшін қандай баспана төлемдері қарастырылған

2021 жылдың 30 мамыр 2021 19:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жауынгерлерді пәтерге орналастыру бас басқармасы тұрғын үй басқармасының өкілі, әділет подполковнигі Дәуренбек Жұмабек әскери қызметшілер тұрғын үймен қалай қамтамасыз етілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәуренбек Жұмабек 2018 жылы тұрғын үй заңнамасы өзгертілгеннен кейін әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қаншалықты жақсарды деген сұраққа жауап берді.

«Енгізілген түзетулер әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартқаны сөзсіз. Бағдарлама өзгерді, біз қызметтік тұрғын үй беріп қана қоймай, олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудара бастадық. Енді әскери қызметшілер тұрғын үйді жеке меншікке немесе жалға алу құқығын пайдалана алады. 2018 жылдан бастап енгізілген түзетулерден бастап жеті мыңнан астам әскери қызметші меншігіне тұрғын үй сатып алды. Жекешелендіру құқығымен салыстырғанда бұл әлдеқайда көп», - деп атап өтті ол Қорғаныс министрлігінің апта сайынғы онлайн-брифингінде.

Оның айтуынша, бұрын әскери қызметшілер жыл сайын шамамен 400 пәтерді жекешелендіре алатын.

«Біз оларды бірден пәтер сатып алуға міндеттемейміз. Пәтер таңдауына, үйленіп, отбасын кеңейтуіне уақыт беріледі. Бұл кезде тұрғын үйге ақша жинақтай алады. Тіпті ипотеканы ресімдемей-ақ жинауына болады», - деп түсіндірді Дәуренбек Жұмабек.

Ол жауапсыз құрылыс мердігерлеріне тап болған әскери қызметшілердің проблемасына да тоқталды.

«Әскери қызметшілер сатып алатын тұрғын үйді өз бетінше таңдайтынын ескерсек, шын мәнінде осындай құрылыс салушыларға тап болуы мүмкін. Заң жүзінде олар мердігерден ақшаны банкке қайтаруды талап ете отырып, арадағы келісімшартты бұза алады. Бұл ретте олар тұрғын үй төлемдерін пайдалану мақсатын да өзгерте алады, яғни басқа тұрғын үйді таңдағанға дейін ай сайын пәтер жалдауға ақша беріледі», - деді Дәуренбек Жұмабек.


Жоғары қарай