Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Astana Open: Жібек Құламбаева екінші айналымға шыға алмады

2021 жылдың 27 қыркүйек 2021 14:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Жібек Құламбаева Astana Open WTA 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші беташар кездесуін осы жарыстың екінші ракеткасы, бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен өткізді.

Бірінші партияда бельгиялық спортшы 6:3 есебімен басым түсті.

Екіншісінде Жібек қайыра брейк жасап, таразы басын теңестіріп қана қоймай, 4:3 есебімен алға шыққанымен, сол қарқынды жалғастыра алмады. Ақыры тәжірибелі қарсыласына 4:6 есебімен есе жіберді.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта 21 жастағы Құламбаева 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Бельгиялық теннисші 5 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.

Ж.Құламбаева енді Гөзал Айнитдиновамен бірге жұптық сында өнер көрсетеді.

Астана додасында ертең Қазақстаннан жекелей сында Юлия Путинцева, Зарина Дияс және Анна Данилина кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open WTA турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болғанын, Тимофей Скатовтың ATP рейтингісінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін жазған едік.



Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Қоғам, Спорт,
Жоғары қарай