Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Астанада 11 жылға созылған «сақалды» құрылыс аяқталып, 445 үлескер баспаналы болды

2021 жылдың 9 шілде 2021 19:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысын аяқтау – Мемлекет басшысының бақылауындағы басым міндеттердің бірі. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорда күніне орай құрылысы ұзаққа созылған 10 нысандағы 21 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Оның арасында «Жастар 4» тұрғын үй кешені де бар.

Үлескерлер бұл тұрғын үй кешенінің құрылысына 2010 жылы қаржы салған, ал 2015 жылы оның құрылысы мүлдем тоқтап қалған.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы нысандағы құрылыс-монтаждау жұмысы қайта жанданды.

Бұл нысанның тек қаңқасы ғана бар болатын. Қалалық әкімдіктің уәкілетті ұйымы – «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС бірқатар жұмыс жүргізді.

Нысан техникалық тексеруден өтіп, қорытындысына сәйкес жұмыс жобасы әзірленді. Оның негізінде ғимарат конструкцияларын күшейту бойынша жұмыстар жүргізілді.

Үй басынан бастап қайта салынды деп те айтуға болады.

Терезелері орнатылды, сол сияқты қасбетті орнату және жылыту, ішкі қабырғаларды орнату, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді.

Тұрғындардың ортақ пайдаланатын орындары ретке келтіріліп, лифтілер орнатылды.

2021 жылдың 7 шілдесі күні 445 үлескер көптен күткен пәтерінің кілтін ала бастады. «Жастар 4» тұрғын үй кешенінің құрылысы екі рет сатылған.

Енді «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС аталмыш тұрғын үй кешенінің 9-11 блогындағы үлескерлердің проблемасын «Арыстан» ТК 1 блогының бос орындарына көшіру арқылы шешуді жоспарлап отыр.

Ал «Арыстан» ТК құрылысы келесі жылы аяқталады.

Айта кетейік, 2019 жылдың жазында елордада проблемалы тұрғын үй саны 150-ден көп болған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қала әкімдігі құрылысы ұзаққа созылған үйлерді аяқтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

2019 жылдың жарты жылында 13 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға берілді.

Ал 2020 жылы 20 көппәтерлі тұрғын үй аяқталды.

Биыл елордада тағы 57 проблемалы көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Осы арқылы 7 мыңнан астам үлескер көптен күткен пәтеріне ие болады.

Үлестік құрылыстың әрбір нысаны бойынша кезең кезеңімен атқарылатын іс-шаралар жоспары бар.


Жоғары қарай