Астанада қай жерде маса улап жатқанын мобильді қосымшадан білуге болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында шыбын-шіркейге, масаға қарсы дезинсекция жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мамандар қаланың саябақтарын, бос аумақтарды арнайы ерітіндімен өңдеді.
Өңдеу жұмысы шыбын-шіркей мен масаның санын азайтумен ғана шектеледі.
Оның барысында ұсақ жәндіктер жойылып кетпейді.
«Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы шыбын-шіркейге қарсы дезинсекция жұмысын жүргізіп жатыр. 26 сәуірде қаланың сыртындағы су қоймаларын өңдеуді бастағанбыз. Қазіргі уақытта қаланың ішкі аумақтарын өңдеуге кірістік. Бұл жұмысқа 150-ден аса маман, 4 дезмашина жұмылдырылды. Сол сияқты термогенератормен жұмыс істейтін 4 бригада болады. Қаламызды 150 учаскеге бөлдік. Осы 150 учаскеде 10 бригада жұмыс істейтін болады. Әрқайсысында 9-10 адам бар. Биыл E-Knot қосымшасымен қала тұрғындарын ескертіп отырамыз. Сол себепті осы қосымшаны қала тұрғындары телефонына жүктеп алғаны жөн. Осы арқылы қаланың қай тұсы қай уақытта өңделетіні ескертіледі», - деді аталмыш басқарма басшысының орынбасары Жанар Бескемпірова.