Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Астанада өрт туралы хабар таратқан тілшіге кедергі келтірілді

2019 жылдың 6 тамыз 2019 19:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанада «Мельница» мейрамханасындағы өрт туралы хабар таратқан «Хабар 24» телеарнасының тілшісіне кедергі жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тілші оқиға орнынан тікелей репортаж жүргізгенде өзін мейрамхана өкілі деп таныстырған ер адам камера алдына шығып, түсірілімге барынша кедергі жасайды.

«Мейрамхана өкілі» өз тарапынан пікір беруден де бас тартқан. Кадрға килігуі туралы сұраққа «Өзгенің қайғысынан жарнама жасаудың қажеті жоқ» деп жауап берген.

Репортердің айтуынша, тәртіп сақшылары тілшіге көмектесуге және кейінірек істің мән-жайын анықтауға уәде берген.

Айта кетейік, ҚР БАҚ туралы заңның 20-бабында журналистiң ақпаратты сұратуға, алуға және таратуға, мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына, дыбыс-бейне техникасын, кино-фото түсiру құралдарын пайдалана отырып жазба жасауға құқылы екені жазылған.

Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық Кодексінің 158-бабында журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасауға арнайы жауапкершілік тағайындалған. Дәлірек айтқанда, 100 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 120 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 45 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазалары қарастырылған.

Еске сала кетсек, «Мельница» мейрамханасына жапсарлас салынған ғимараттың шатыры өртеніп, тілсіз жау екі сағаттан кейін сөндірілді.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, шамамен 200 шаршы метр аумақты от шарпыған.

Оқиға салдарынан ТЖ комитетінің Апаттар медицинасы орталығына 2 адам көмекке жүгінген. Олардың қолы мен аяғын аздап күйік шалған.



Перевод Айжан Серікжанқызы
Басты сөздер: Оқиға, БАҚ, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай