Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Астанада вакцина салатын пунктілер түн жарымына дейін жұмыс істейді

2021 жылдың 9 сәуір 2021 01:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов онлайн режимде медицина мекемелерінің бас дәрігерлерімен кездесу өткізіп, қазіргі жағдайды талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлемдік пандемия адамдарды екі сценарийдің алдына қояды: біріншісі – вакцина егіп, өзін және айналасындағыларды қорғау, екіншісі – індетке шалдығу. Екінші нұсқаға келетін болсақ, адам өзінің денсаулығына қауіпті әрі иммунитетті әлсірететін коронавирус инфекциясын жеңе алатынын алдын ала біле алмайды. Жағдайға немқұрайлықпен қарап, вакцинацияны елемей, айналадағы адамдарға вирус жұқтыруы мүмкін. Ал бұл инфекцияның хаотикалық таралуына мүмкіндік береді. Медицина қызметкерлері вакцинацияны 1 ақпаннан бастады. Бірінші кезеңде екпе індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне, мұғалімдерге, тәртіп сақшыларына және басқалар егілді. 20 мыңнан астам адам қамтылды» деп жазды шаһар басшысы Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, екінші кезеңде тұрғындарды вакциналау қарастырылған.

6 сәуірде қала тұрғындары арасында екпе алуға алдын ала жазылу басталды.

Бұл адамдардың бір мезгілде жиналуын болдырмауға, вакциналарды медициналық мекемелерге біркелкі таратуға мүмкіндік береді.

«Бірінші. Тұрғындарды жаппай вакциналау медицина қызметкерлерінен кәсібилікті, жауапкершілікті талап етеді. Дәрігерлерге тағы бір мәрте нұсқау берілді. Олар вакцинаны екпей тұрып науқастың денсаулығын тексеруі керек.

Екінші. Медициналық мекемелерге қосымша жабдықтар орнатылды: 40-тан астам тоңазытқыш қондырғылары, вакциналарды тасымалдауға арналған 80-нен астам термоконтейнер және басқа. Егу пунктілерінің саны 36-дан 100-ге дейін өсті. Вакцинация пунктерінің жұмыс уақыты сағат 8:00-ден 00:00-ге дейін ұзартылды.

Үшінші. «Mega Silk Way» сияқты бірқатар СОО-да вакцинация пунктін ашу үшін инфрақұрылым дайындап жатырмыз. Тіркеу, күту, тексеру және басқа аймақтар болады» дейді Алтай Көлгінов.

Әкімнің сөзіне қарағанда, мұндай орындар адам көп жиналатын жерлерде жұмыс істейтін ұжымдарды уақытылы қамтуға мүмкіндік береді, осылайша оларды қорғайды.

Қажет болған жағдайда қаланың қонақ үйлерінде де егу пунктері ашылады.

«Тек жаппай вакцинация ұжымдық иммунитетті қалыптастыруа, коронавирустың таралуын тоқтатуға көмектеседі» деп түйіндеді сөзін қала басшысы.


Жоғары қарай