Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Астаналық дәрігерлер Арыстағы жарылыстан зардап шеккен балалардың жағдайы туралы айтып берді

2019 жылдың 25 шілде 2019 17:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Астаналық дәрігерлер Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 8 жасар баланың бүгінгі жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«28 маусым күні түнгі сағат 00:10-де Арыс қаласынан санавиация қызметімен 2005 және 2011 жылы дүниеге келген екі бала біздің ауруханаға жеткізілді. Екі бала да бас және кеуде тұсынан жарақат алған. Бізге келіп түскенде екеуі де ес-түссіз күйде болды. Осындағы дәрігерлердің шұғыл әрекетінің нәтижесінде ота жасалды. Қазіргі таңда 2005 жылы дүниеге келген жасөспірімнің жағдайы жақсарды. Баланың беті бері қарап, толық ем алғаннан кейін ол ауруханадан шығарылды», - деді №2 Нұр-Сұлтан қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айдын Әшімханов.

Оның айтуынша, екінші науқас ауыр халде қалып отыр.

«Екінші бала 2005 жылы дүниеге келген. Оның жағдайы бүгінде ауыр, ол ми жарақатын алған. Науқас әлі есін жиған жоқ, арнайы құрылғымен ғана демалып жатыр. Біз өз тарапымыздан қажетті ем-шараны қолданудамыз. Өзіміздің белді мамандармен қатар, баланың жанын сақтап қалу мақсатында Ресейден арнайы нейрохирург мамандар шақырылды. Баланы система арқылы тамақтандырудамыз. Сондықтан оның денсаулығының жақсаруы тек уақыт еншісінде», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммункациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Арыстағы жарылыстан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы айтып өткен болатын.

«Арыстағы төтенше жағдай кезінде жараланғандардың басым бөлігі жазылып шықты. Қазір 3 науқас қана ауруханада жатыр. Біреуі - Алматыда, тағы біреуі - Шымкентте, үшіншісі Нұр-Сұлтан қаласында жатыр. Алматы мен Шымкенттегі екеудің жағдайы оңалып келеді. Менің ойымша, жақында жазылып шығады. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы баланың жағдайы өзгеріссіз», - деді ол.

Жоғары қарай