Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Астаналық тұрғын СҚО-да қаруы бар көлікті айдап әкеткен

2021 жылдың 15 сәуір 2021 14:42

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында астаналық тұрғын Тайынша қаласындағы аулалардың бірінен жеңіл көлікті айдап мініп кетті, машинада қару-жарақ болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 сәуір күні таңертең Тайынша қаласының тұрғыны «Volkswagen Passat» автокөлігін қойған орнынан таппаған. Ер адам бірден полицияға жүгінді.

Айдап әкеткен автокөлік Тайыншадан шығар жолдағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған екен. Камера жазбаларынан іздеу бағыты анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде «Volkswagen» автокөлігі Ленинградское ауылы маңындағы егістіктен табылды.

СҚО Ақжар ауданының тумасы, қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 33 жастағы жігіттің қылмысқа қатысы анықталды. Бұрын ер адам мүліктік қылмыс жасағаны және есірткі саудасы үшін бірнеше рет сотты болған. Күдіктінің сөзіне қарағанда, ол үйіне кету үшін жолға шығып, көлік тоқтатпақ болған. Аулалардың бірінен «Volkswagen» көлігін байқап, мініп кеткен. Бұдан бөлек, көліктен пышақ, «Smersh» пневматикалық тапаншасымен мен оғы қолды болған. Ұрланған заттар алынды, пышақ сараптамаға жіберілді.




Күдіктіге қатысты «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» және «Ұрлық» баптары бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

«Көлік иесі машинаны үйдің сыртында құлыптамай, кілтін оталдыру ұяшығында қалдырып кеткен. Көлік ішінде қалдырылған құнды заттар да қылмыскерлерді әрекет жасауға итермелейді. Жәбірленуші көлікті аулада қалдырса, айдап әкету қаупі де төмен болар еді. Үй ауласы жақсы жарықтандырылған, бір тұрғын үйге бес камера бар. Дәл осы камералар айдап әкеткен көліктің бастапқы қозғалысын көрсетті. Қазіргі уақытта учаскелік полиция инспекторлары бейнекамералардың қылмыстарды ашу мен алдын алудағы тиімділігін түсіндіре отыра, халықпен жұмыс жүргізуде, тұрғындардың басым бөлігі камераларды өз қаражатына орнатып жатыр», - дейді Тайынша ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтанов.





Жоғары қарай