Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

«Астананы қайда ауыстырамыз» деген кезде Елбасына 17 ұсыныс  түскен еді –  Мирболат Жақыповтың естелігі

2020 жылдың 2 шілде 2020 13:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан астанасының Алатаудан Арқаға көшіру ісіне белсенді атсалысқан мемлекеттік қызметкерлердің бірі - Мирболат Жақыпов. ҚР Президенті Әкімшілігінің жалпы бөлімін 1996-2018 жылдар аралығында басқарған ол тоқсаныншы жылдардың ішіндегі естеліктерімен бөлісті.

Мирболат Жақыпов қазір мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің сапалық кәсіподағының төрағасы. «Antikor LIVE» жобасында қазіргі жас буын біле бермейтін қызықты әңгімелерді айтып берді.

«Бұрын Астана күнін 10 маусымда тойлайтын едік. Елордамыздың бірінші жылдығын дәл сол күні атап өткеніміз есімде. Күн салқын болды, жаңбыр жауып тұрды. Алматыдан келген біз әбден тоңып қалғанбыз. Арқадағы ауа-райына сол тұста бейімделе бастадық. Жалпы Астана күнінің 6 шілдеге ауысуының бірнеше себебі бар. Жоғарғы кеңес ең алғашқы ресми шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдаған болатын. Тарихтан білетіндеріңіздей, бұл шешім өте қиын өтті. Әбіш Кекілбаев ағамыздың естелігінен оқып көрсеңіз көзіңіз жетеді. 6 шілде Елбасының туған күні болғаннан кейін депутаттардың көбі «сыйлық жасайық» деп дауыс беріп, шешім қабылданған», - деп еске алады өткен уақытты Мирболат Жақыпов.

Жалпы сол кезде мемлекеттік аппараттың Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшуі «өте көп әрі қызықты әңгіме» дейді ол.

«Кезінде осы үлкен шаруаға араластым. Жұмыстарға жауапты да болдым. Елдің астанасын Алматыдан көшіру үшін үлкен мемлекеттік комиссия құрылды. Тәжірибелі басшылар бұл ауқымды шаруаның басы-қасында жүрді. Осының арқасында үш жылдың ішінде үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп, көшіп келдік. Бірақ көшкенге дейін бірқатар мәселені реттеу керек болды. Ол кезде Ақмолаға астананы көшіру ісіне бірталай жұрт қарсы еді. 1994 жылы ел әлі дағдарыстан шықпаған кезең. Инфляция 2265 пайызға кетті. Айлығымыз орташа есеппен 24 доллар болатын. Халқымыздың 35 пайызы ол кезде кедей өмір сүрді. Қиын кезең. Бірақ соған қарамастан Елбасы жігерлі шешім қабылдады», - деді ол.

Мирболат Жақыпов астананы Ақмолаға көшіру бастамасына жұртшылық қарсы болмағанымен, мемлекеттік аппараттың ішінде бұл шешімге көңілі толмағандар болғанын айтады.

«Премьер-министрдің өзі қарсы болды. Ол тұста Үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдин мырза еді. Бір мысал келтіре кетейін: Президент бір Жарлыққа қол қояр алдында қолбелгілер жинаймыз. Сол визалардың бірін Президент маған «Үкімет басшысына өзің кіріп, визасын алып шық» деп тапсырды. Ол Жарлық астананы көшіру туралы шаруалардың бір бөлігі еді. Үкімет басшысы «қоймаймын» деді. «Сіздің визаңыз болмай кетпеймін» деп отырып алдым. «Қалай сонда? Қоймаймын» деп отырып алды. «Жоқ, сіз қойғанша отырамын» дедім. Жарты сағат жүрді, тұрды, отырды, терезеге барып қарады. «Әлі отырсың ба?» деді. Ақыры ұрысты, бұрқылдады, бірақ қойып берді. Сондай жағдайлар болған», - дейді ол.

Мирболат Жақыпов ол тұста Алатаудан Арқаға қоныс аударатын мемлекеттік қызметкерлердің 25 пайызын іріктеп алу туралы тапсырма болғанын еске алады. Ең тәжірибелі мамандарды іріктеу міндеті тұрды.

«Мемлекеттік қызметкерлерді іріктеп алдық. Ескерттік. Қалғандарға Алматыда жұмыс тауып беруге тырыстық. Әлбетте мұның бәрі психологиялық тұрғыда оңай тимейтін жұмыс болды. Жаңа астанаға барғысы келмегендер де бар еді. Бірақ маман ретінде олар бізге керек болатын. Тіпті кейбір мемлекеттік қызметшілердің жұбайларына дейін үгіттеп, балаларыңызды ойлаңыздар деп сөйлестік. Жастар қаласы дедік», - деді ол.

Алматыда ол тұста халық көп болып кеткен екен. 2000 жылдарға жетпей халық саны миллионнан асып кеткен. Көшедегі кептелістер сол кездің өзінде бар.

«Алматы еліміздің ең шетінде, бір бұрышында ғана тұр. Басқа облыстарға алыс. Геосаяси жағынан да астананы Арқаға көшіру тиімді болды. Астананы қай жерге ауыстырамыз деген кезде нұсқалар көп болды. Мамандардан 17 ұсыныс келді. Елбасы көп ойланды. 17 нұсқа барлық параметр бойынша талданды. Айналып келіп шешім Ақмолаға тоқталды», - дейді ол.

Мирболат Жақыпов қазіргі Нұр-Сұлтанның Ақмола өңірінде бой көтеруінің тарихын жастар білмеуі мүмкін екенін атап өтті.

«Кез келген елде «қосымша астана» болады. Мәселен Совет одағының қосымша астанасы – Куйбышев, қазіргі Самар қаласы. Ал Қазақстанның қосымша астанасы – Ақмола болды. Оны көбі білмейді. Себебі кезінде құпия болды. Қазір айтуға болады. Жаңадан 32 параметр бойынша Сарыарқаның төрінде осылайша астанамыз бой көтерді», - деді ол.


Фото: gbstu.kz
Жоғары қарай