Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Астық тасымалдау  тарифтеріне мониторинг жүргізу керек - Мәжіліс

2021 жылдың 3 наурыз 2021 12:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов дәнді дақылдарды тасымалдау құнының өсуіне байланысты орын алған проблеманы көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдің алтын қоры – астықтан дайындалатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуі дәнді дақылдарды тасымалдау құнының өсуіне де байланысты екені құпия емес. Өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдеріне 2020 жылғы баға индексі 115,3 пайызды құраса, өсімдік шаруашылығы өнімдеріне баға 17,6 пайызға өскен. Оның ішінде дәнді дақылдар бағасының өсуі 18,8 пайыз болса, өсімдік шаруашылығындағы өндірушілер бағасының өзгеруі соңғы бес жылда 67,6 пайызды құрайды», - деп тоқталды депутат Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, бағаның өсуіне әсер ететін факторлардың бірі - шикізатты өңдеуші кәсіпорынға дейін тасымалдау. Елдегі астық тасымалдау нарығында «Астық Транс» акционерлік қоғамы басымдыққа ие, аталған заңды тұлға теміржол көлігіндегі барлық астық тасымалының 50 пайызға жуығын қамтиды. 2020 жылы бұл компания ішкі астық тасымалдау көлемінің 74 пайызын және барлық экспорттық астықтың 40 пайызын тасымалдаған.

«Қазақстан нарығында үстем жағдайын пайдаланып, бұл компания өз қызметтерінің құнын бірнеше есе арттырып отыр. Атап айтқанда, соңғы бес айда тасымалдау құны төрт есе артып, бір вагон үшін тасымалдау бағасы орта есеппен 60 мың теңгеге қымбаттаған.

Мысалы, өткен жылдың қыркүйек айында дәнді дақыларды еліміздің солтүстігінен оңтүстікке жеткізу құны бір вагонға 471 425 теңгені құраса, ағымдағы жылдың қаңтар айында 537 148 теңгеге дейін өскен. Айырмашылығы - 65 723 теңге», - деді Б. Бекжанов.

Оның сөзіне қарағанда, дәнді дақылдардан дайындалатын жем бағасының өсуі мал шаруашылығы өнімдерінің құнына әсер ететіні даусыз. Өткен жылы оның бағасы 4,2 пайызға көтерілген.

«Астық тасымалдау бойынша көлік қызметтері тарифтерінің осындай көтерілуіне себеп болатын факторларға ерекше назар аудару керек деп санаймыз. Құзыретті органдар астық тасымалдау бойынша үстем жағдайға ие субъектілерге заң аясында бақылауды жүзеге асыруға тиіс. Осыған байланысты, Агенттік тарапынан елімізде астық тасымалдау тарифтеріне мониторинг жүргізу керек.

Екіншіден, «Астық Транс» акционерлік қоғамы тарапынан астық тасымалы бағасының өсу фактісінің заңдылығы мен негізділігіне құқықтық тұрғыдан баға берген жөн», - деді Берік Бекжанов.


Жоғары қарай