Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Ата-аналардың балаларын ҰБТ өткізу пункттерінде күтуіне тыйым салынады - министр

2020 жылдың 2 маусым 2020 10:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ата-аналардың балаларын Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттерінде күтуіне тыйым салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналарға ҰБТ өту барысын сол жерге келмей-ақ үйінде отырып көру үшін онлайн көрсетілімді ұйымдастырамыз. ҰБТ өткізу пункттері тосқауыл таспаларымен жабдықталады. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібінде тестілеушілердің арасында 2 метр қашықтықтың сақталуы қамтамасыз етіледі. Бұл 2 метр арақашықтық ҰБТ тапсыратын аудитория ішінде де сақталады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, коронавирустың таралу қаупін азайтуға арналған қосымша тағы 5 сақтық шарасы қолданылады.

«Біріншіден - тест тапсырушыларды заласыздандыру туннельдерінен өткізу. Екіншіден - аяқ киімдерді арнайы заласыздандыру кілемшелерімен өңдеу. Үшінші - еденді санитайзерлермен заласыздандыру. Төртінші - әр талапкердің дене қызуын өлшеу. Бесінші - бір жолғы қолданылатын жаңа маскалар беру. Жалпы, бас санитарлық дәрігермен келісілген қатаң санитарлық талаптар барлық жерде сақталатын болады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу кезінде түрлі гаджеттерді, байланыс құралдарын, шпаргалкаларды, әдебиеттерді кіргізуге тыйым салынады.


Жоғары қарай