Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ата-аналардың онлайн Тамыз конференциясы өтіп жатыр

2021 жылдың 28 тамыз 2021 12:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Zoom платформасында қазақстандық ата-аналардың тамыз конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1 мыңға жуық ата-ата қатысуда. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан шара аясында жаңашыл педагогтер мен білім беру саласының табысты менеджерлері дәріс оқып, олардың ата-аналармен пікір алмасуы жоспарланған.

Мысалы, зерттеуші педагог Нұрлан Иманғалиев «жаңа оқу жылына ата-ана қалай дайындалуы керек» деген тақырыпта дәріс оқып, уақыт менеджментін тиімді ұйымдастыру жолдарына тоқталды.

«Балаңыз табысты азамат болып жетілсін десеңіз, оған уақыт менеджментін үйретуіңіз керек. Ал оған бірдеңе үйрету үшін оны әуелі өзіңіз жетік білуіңіз қажет. Сондықтан ең әуелі уақыт менеджментін сауатты ұйымдастыруға көңіл бөліңіз. Ата-аналардың көбі баласы 11 сыныпқа келгенде өкініп жататынын жыл сайын көріп жүрміз. Сондай өкініш болмауы үшін балаңыздың болашағын 4-5 жыл бұрын жоспарлап дағдыланыңыз. Себебі бала армандай алғанымен, табиғатынан 4-5 жылға жоспар құра алмайды. Мысалы, IELTS-тен сүрінбей өту үшін кемінде 120 сабақ алу керек. Ал мұнша көлемдегі білімді 1-2 аптаның ішінде алып үлгеру мүмкін емес. Баланың үлгеріміне, сынақтарға дайындығына сын сағат таяғанда емес, ерте бастан дайындалу осы үшін маңызды», - дейді педагог.

Оның айтуынша, баласының болашағына алаңдайтын кез келген ата-ана қазіргі технологияның игіліктерін өз икеміне қарай пайдалану керектігін айтты.

«Білім беру жүйесі өзгеріп жатыр. Бағаны емес, әр пәннің үйрену мақсаттарын ата-ана білу керек. Әр пән бойынша бала бір тоқсанда нені үйрену керектігін тоқсанның басында нақтылап алсаңыз, оның үлгерімін тоқсан бойында қадағалап отыра аласыз. Тек алған бағасын сұрай бергеннен тақырып бойынша пікір алмасып қадағалау әлдеқайда тиімді», - деді Нұрлан Иманғалиев.

Онлайн конференция шеңберінде «Жаңа ұрпақ» жобасының авторы, отбасы коучы Асхат Әбжанов, психолог-педагог Айжан Әділбаева, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің мамандары дәріс оқып, тренингтер өткізу жоспарланған.


Автор Есімжан Нақтыбай
Басты сөздер: Білім,
Жоғары қарай