Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырау әкімдігі көпбалалы отбасыларға бөлінген пәтерлерге қатысты түсінік берді

2021 жылдың 5 желтоқсан 2021 19:21

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау әкімдігі көпбалалы отбасыларға бөлінген пәтерлерге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұдан бұрын Атырауда көпбалалы отбасыларға арналған баспана құрылысы екі жыл бойы тоқтап тұрғаны хабарланған еді.

Атырау қалалық әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Жақында бірқатар БАҚ Атырау облысының қаржылық шығындарын тексерген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетіне сілтеме жасап, ақпарат таратқан болатын. Атап айтқанда, «қалалық құрылыс бөлімі көпбалалы аналар үшін 173 пәтер сатып алып, бірақ, 21 айда тек 13 пәтер бөлінді» делінген.

Жоғарыда көрсетілген бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. Аталған мәселе төңірегінде конкурс қорытындысы бойынша қалалық құрылыс бөлімі мен «ДамарСтрой» ЖШС арасында 200 пәтер сатып алуға жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге, оның ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен 329 млн теңге және жергілікті бюджет есебінен 1,5 млрд теңгеге келісімшарт жасалды.

Республикалық бюджет есебінен сатып алынған үш бөлмелі 40 пәтер кезектегі көпбалалы отбасыларға бөлінді. Жергілікті бюджет есебінен сатып алынған қалған 160 пәтер қала аумағындағы апатты үй отбасыларына бөлінді. Апатты үйлерден бөлек, Қарабатан және №496 разъезд тұрғындары да көшірілді. Олардың қатарында көп балалы отбасылар да бар. Бұл шешім облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 18 қазандағы №365-VI шешіміне сәйкес қабылданды. Айта кетейік, барлық сатып алынған пәтерлер 2019-2020 жылдар аралығында бөлінді», - делінген Атырау қалалық әкімдігі таратқан ақпаратта.

Жоғары қарай