Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырау облысында жыл басынан бері 86 мыңнан астам тал егілді

2021 жылдың 1 желтоқсан 2021 21:27

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері 86 мыңнан астам тал егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың мәліметіне сүйенсек, 48 гектар аумаққа тал егілген .

«Мемлекет басшысы Жолдауында 5 жылда орман қорына 2 млрд-тан, елді мекендерде 15 млн-нан астам ағаш отырғызуды тапсырды. Бұл өңіріміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту бағытында зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бірқатар кешенді шаралар қолға алынды. Өйткені, біздің өңір үшін тал егу, орман қорын молайту мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Қазір Атырау облысында мемлекеттік орман қорының көлемі – 56 мың гектар. Оның ішінде 18 мың гектарында орман бар», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың айтуына қарағанда, орман мекемелерінде тұқымбақтар бар. Онда қарағаш, шаған, үйеңкі, жиде көшеттері жергілікті климатқа бейімделіп өсіріліп жатыр. Былтырдан бері Индер ауданындағы орман шаруашылығының тұқымбағында алғаш рет сексеуіл өсіру тәжірибесі қолға алынған.

«Өңірлік жоспарға сәйкес, көгалдандыру жұмыстарына ірі мұнай компанияларын тарту мақсатында меморандумдар жасалды. Онда көгалдандыру жұмыстары 4 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге жоспарланды. Компаниялар бөлінген учаскелерде қоршау жұмыстарын жүргізіп, әр учаскеге тамшылатып суару жүйелерін орнатып жатыр. Олар 3 жыл бойы көшеттерді күтіп-баптап, тиісті мемлекеттік мекемелерге тапсыруына кепілдік беріп отыр. Алдағы 5 жылда 279 гектар аумаққа 540 мың жас көшет егу көзделді. Оның ішінде биыл 48 гектарға 86 320 тал егу жоспары орындалды»,-деді ол.

Ал, Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаевтың айтуынша, келесі жылы облыс орталығына қарасты елді мекендерге 40 мың жас көшет егу жоспарланған.

«Жасыл желекті демалыс орындары мен саябақтарды күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастырудың алгоритмін қайта жасақтау керек. Атырау қаласы мен аудандарда жасыл желегі бар аумақтарды түгендеп, құжаттандыру жұмыстарын жүзеге асырған жөн. Жайық өзенінің жағалауындағы тоғайларды қалпына келтіруді ерекше бақылауға алу қажет» -деп тапсырма берді Махамбет Досмұхамбетов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 2025 жылға дейін 7 млн көшет егілетінін хабарлаған болатынбыз.


Жоғары қарай