Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырауда 700-ге жуық жас әскерге шақырылады

2020 жылдың 23 қыркүйек 2020 05:30

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда күзгі әскерге шақыру науқаны аясында 700-ге жуық астам жасты әскерге шақыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әскерге шақырылушыларды әскери бөлімдерге жөнелту алдында міндетті түрде ПТР-тест әдісімен коронавирусқа қарсы зертханалық зерттеу жүргізіледі. Бөлімге келгеннен кейін жас толықтырушылар екі апталық карантинге орналастырылады. Сондай-ақ медициналық тексеру жүргізіліп, әскерге шақырылушының әлеуметтік-психологиялық мәртебесі белгіленеді», - дейді Атырау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары - жасақтау басқармасының бастығы майор Айдос Аманғалиев.

Оның айтуынша, әскерге шақырылушыларды іріктеу мен бөлу барысында денсаулық жағдайы, олардың әскерге шақырылғанға дейін алған мамандығы ескеріледі. Физикалық дайындығы жоғары, моральдық және психологиялық тұрғыдан төзімді жастар Теңіз жаяу әскерлерінің, Десанттық-шабуылдаушы әскерлері мен Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелеріне бара алады.

Әскерге аттанатындардың арасында Атырау қаласының тұрғыны Ерасыл Табылды да бар. Ол биылғы колледж бітірген.

«Біздің әулеттегі азаматтардың бәрі әскер қатарында болған. Сондықтан, мен де әскерге баруға бала кезімнен дайындалған едім. Әскердегі бір жылдың ішінде нағыз азамат ретінде шыңдалатыныма сенімдімін», - дейді болашақ сарбаз Ерасыл Табылды.

Қазір коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін жинақтау пункттерінде медициналық бекеттер орнатылған. Сонымен қатар, облыстық медициналық комиссиялардың құрамына инфекционист дәрігерлер енгізілді. Әскерге шақыру комиссиясының мүшелерінің мәліметінше, соңғы жылдары Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын толықтыруға ниет білдірушілер саны өскен.

Автор Бек Мұстафа
Басты сөздер: Әскер, Атырау облысы,
Жоғары қарай