Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырауда ішімдікке салынған әйел ата-аналық құқығынан айырылды

2021 жылдың 18 шілде 2021 09:41

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда алкогольдік ішімдікке салынған 40 жастағы әйел ата-аналық құқығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері 70 ата-анаға ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 127-бабымен әкімшілік хаттама толтырылған.

Бала тәрбиесімен айналыспағаны үшін 2 заңды өкілдің ата-аналық құқығы шектелген. Ал, 3 заңды өкіл осындай құқықтан айырылған.

«Атырау қалалық полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторлары бұл ата-аналардың бала тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүддесін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағанын анықтады. Сондай-ақ, қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға жасөспірімдердің тәрбиесімен айналыспаған ата-аналарға және қаңғыбастыққа бейім жасөспірімдерге қатысты 40-қа жуық іс-құжат жолданды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, Атырау қалалық әкімдігі жанындағы аталған комиссияның кезекті отырысында бала тәрбиесімен айналыспаған 7 заңды өкілдің іс-құжаттары қаралды.

Оның ішінде спирттік ішімдікке әуес 40 жастағы азаматша бар.

«Бұл әйелдің төрт баласы бар. Тұңғышы – 18, кенжесі 9 жасқа толған. Аталған азаматша ішкі істер органдарында жайсыз отбасы есебінде тұрады. Осы кезге дейін бір мекемеде тұрақты жұмыс істемеген. Полиция қызметкерлері аталған азаматшаға қатысты іс-құжаттарды кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға бірнеше рет жолдаған. Алайда, 40 жастағы азаматша алкогольдік ішімдік ішуін тоқтатпаған. Балаларының тәрбиесімен айналыспай, түзелу жолына түспеген. Ал, анасының осындай жолда жүргенінің кесірінен жасөспірім балалары бірнеше рет қылмыс жасаған», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Комиссия мүшелері аталған әйелді ата-аналық құқығынан айыруға қаулы шығарды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда балаларының көзінше ішімдік ішкен әйелдің құқығы шектелетінін хабарлаған болатынбыз.


Жоғары қарай