Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Атырауда науқастарға баллон тасыған спортшылар ауруханадағы жұмысын аяқтады

2020 жылдың 6 тамыз 2020 10:52

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда бір айға жуық тынысы тарылған науқастарға оттегі баллондарын тасып, көмек көрсеткен спортшылар ауруханадағы жұмысын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, жергілікті спортшылар облыстық ауруханаға шілденің басында көмекке келген. Кейін аудандық ауруханалардағы ақ халатты абзал жандарға қол ұшын беріп, «лас аймақта» да жұмыстар атқарған.

«Біз дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, науқастарға қолдау көрсетуді көздедік. Атырау облысының спортшылары қай кезде де халықпен бірге болады. Қауіпті індетті бірлігіміздің нәтижесінде жеңе аламыз. Қазіргі уақытта науқастар саны азайып, емделушілердің көбі оттегі баллонын пайдаланбайтындықтан біз ауруханадағы жұмысымызды аяқтадық. Мұны жақсылықтың нышаны деп білеміз», - деді облыстық олимпиада резервін даярлау орталығының әдіскері Нұрлыбек Даралиев.

Ауруханалар дәрігерлеріне көмек көрсеткен спортшылардың бәрі бір апта бұрын коронавирус инфекциясына тест тапсырған. Тест қорытындысы теріс нәтиже көрсеткен. Ал, облыстық аурухананың басшылығы спортшылардың атқарған жұмысына алғысын білдірді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда облыстық аурухана күрделі операцияларды жасауға дайындалып жатқанын жазып едік.



Автор Бек Мұстафа
Басты сөздер: Атырау облысы, Медицина,
Жоғары қарай