Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырауда Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтың 100 мың шабағы жіберілді

2021 жылдың 17 шілде 2021 02:15

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтың 100 мың шабағы жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұдан бұрын Атырауда балық өсіретін зауыт экспортқа қара уылдырық шығаратыны хабарланған болатын.


Биыл «Caspian Royal Fish» ЖШС-нің тоғандарда бекіре балықтарының шабағын өсіре бастаған. Шабақтар 3-10 грамға дейін өсірілген. Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, бұл – серіктестіктегі үш тоғанның бірінен жіберілген шабақтар. Өзенге жіберілген шабақтың саны 100 мыңды құрайды.


«Маңғыстау облысының табиғат пайдаланушыларымен келісімшарт жасалған болатын. Соның бірі – «Актау-Балык LTD» ЖШС Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың шабақ жіберуге қолдау білдірді. Осылайша, біз өңірдегі су айдынын бекіре тұқымдас балықтардың қорымен толықтыруға үлес қосуды көздедік», -дейді басқарма басшысы Артур Сәдібекұлы.


Аталған серіктестіктің зауытына 2014 жылы Башқұртстаннан 15 мың бекіре тұқымдас балық әкелінген. Польшадан орыс бекіресінің 100 мың дана уылдырығы алынып, зауыттағы бассейндерде өсірілген. Алты жылда балықтардың салмағы 8-9 келіге жеткен.

Қазір серіктестіктің зауытында бағалы бекіре балықтарының төрт түрі – орыс бекіресі, сүйрік, қорытпа мен сібір бекіресі өсіріледі. Арасында 3-5 жылдан бері өсіріліп жатқан балықтар бар.

«Біздің серіктестікпен бірнеше табиғат пайдаланушы тығыз байланыс орнатқан. Оның ішінде «Жумамуратов К.Е.», «Шабаров В.А.», «Самаров А.В.», «Инвалиды войны в Афганистане», «Микор», «Розенко В.В.», «Толқын», «АН-групп», «Колесник С.В.», «Таушық ауыл шаруашылығы», «Батыс Мунай Транс», «Исатай Оперейтинг Компани» және «Актау балык компани» серіктестіктері бар. Бүгін осы серіктестіктер мен облыстық балық шаруашылығы басқармасының өкілдерінен құрылған комиссия мүшелері шабақтардың санын есептеді. Содан соң, шабақтар арнайы тұрбамен аққан сумен Жайық өзеніне жіберілді», - дейді «Caspian Royal Fish» ЖШС-нің бас балық өсірушісі Ахат Ниматов.


Жоғары қарай