Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырауда жоғалған малын іздеген жылқышыны өлтіргендер сотталды

2021 жылдың 3 тамыз 2021 18:12

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жоғалған малын іздеген жылқышыны өлтіргендер сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Атырау облысының полицейлері із-түзсіз жоғалып кеткен жылқышыны өлтірген күдіктіні ұстап, қоғамда дау туғызған қылмысты ашқанын хабарлаған едік.

Жақында Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігімен (адам өлтіру) Т., ал, аталған кодекстің 432-бабымен (қылмысты жасырып қалу) М., Қ. кінәлі деп танылды.

Сот барысында төмендегі мән-жайлар анықталған.

«2020 жылы 6 қыркүйекте сағат 19.00 шамасында жәбірленуші Н. сотталушы М.-ның иелігіндегі мал шаруашылығына мотоцикілмен жоғалып кеткен құлындарын іздеп келген. Ол аулада тұрған екі құлынды көріп, өзінікі екенін айтқан. Сотталушы Т. оларды беруден бас тартқан. Содан жәбірленуші кетіп қалып, көп ұзамай бір үйір жылқысын алып келген кезде қора маңында жүрген басқа жылқылар қаша жөнелген. Сол кезде Т. сол жылқыларды қайырып келуге сотталушы К.-ні автокөлігімен жіберген.

Жәбірленуші Н. екі құлын қамалып тұрған ауланы ашуға әрекеттенген. Т. оның әрекетіне ашуланып, оны итеріп жіберіп, төбелескен. Т. ашуланып, жәбірленушіні ұрып-соғып, аңшы мылтығымен бір рет атқан. Т. бұл оғы жәбірленушіге тимей қалғанын байқап, оған жақындап келіп, жүрек тұсынан қайта атқан. Н. сол жерде бірден қаза болған», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Кейін анықталғандай, сотталушы Т. қос ауызды мылтығын тығып тастап, атылған гильзаларды және жәбірленушінің ұялы телефонын өртеп жіберген. Көп ұзамай оқиға орнына келген Қ.-ға сотталушы Т. жәбірленушіні өлтіріп тастағанын айтқан. Екеуі мүрдені көлікке салып, оны жасыру үшін сол маңайдағы терең құдыққа тастап жіберген. Сотталушы Қ. қылмыс ізін, аса ауыр қылмысты жасырып қалған.

Содан кейін сотталушы Қ. жолшыбай әкесі сотталушы М.-ны кездестіріп, оған сотталушы Т. жәбірленушіні өлтіріп тастағанын айтқан. Сотталушы М. жәбірленуші Н.-ның мотокөлігін өзінің басқаруындағы «Камаз-5511» автокөлігіне тиеп, оқиға орнынан басқа жерге апарып тастаған.

Сотталушылардың қылмысының салдарынан жәбірленушінің отбасы Н.-ның мүрдесін 9 күн бойы таба алмаған.

«Басты сот талқылауында сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, мүрдені табу хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен дәлелін тапты. Сот Т.-ның бұрын адам өлтіргені үшін сотталып, сол үкіммен тағайындалған 17 жыл мерзімін толық өтелмегенін ескеріп, оған түпкілікті 15 жыл 10 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындада. Алғашқы 3 жылын түрмеде өтеуді белгіледі. Сотталушы М.-ның жазасын жеңілдететін, ауырлататын мән-жайларды анықтамай М.-ға 5 жыл, Қ.-ға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады» -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Жоғары қарай